«Қарымды қаламгер, ғибратты ғалым». Осындай атаумен С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми кітапханада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, академик, өлкетанушы, профессор, ғалым Зарқын Тайшыбайдың 80 жасқа толуына орай кеш ұйымдастырылды. Онда тау тұлғаның өнегеге толы өмірі мен шығармашылығы жайлы айтылды. Толығырақ келесі материалымызда.
Төрден орын алған Зарқын Тайшыбай талай жылдардан бері білікті журналист мамандар дайындап келеді. Осы уақытқа дейін жүздеген шәкіртті тәрбиелеген ұлағаты ұстаз, қазіргі күні де жоғарғы оқу орнында дәріс оқып жүр. Оның оқытушылығы бір төбе болса, жазушылығы бір төбе. Зарқын Сыздықұлы архивтердегі шаң басқан құжаттарды ақтарып, Мағжан Жұмабаев, Абай Құнанбаев және Абылайхан сынды атақты тұлғаларды зерттеп, оларға бірнеше еңбегін арнаған. Соңғысының өміріне қатысты деректерді 20 жыл бойы жинақтаған өлкетанушы, ғалыммен жұмыс істегенн Сәуле Мәлікова бұрын-соңды мұндай ғылыми жұмыс жазылмаған дейді.
СӘУЛЕ МӘЛІКОВА,СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТІК АРХИВІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
- Абылай тарихын нақ осылай ғылыми негізде ағай жазып шықты. Мұнда 1015 дерек берілген. Бұл еңбекте бұрын Абылайдың туған жылына қатысты нақты дерек айтылған. Және бірімізге белгілі портретіның шығу жолын айтып өтті.
Бір өкініштісі, аталған кітап аз ғана тиражбен басылып шыққан. Сондықтан құнды деректер қамтылған еңбек көптеп таратылуы қажет. Өйткені, оның келешек ұрпаққа берері мол. Орталық Қазақстанның тумасы Зарқын Тайшыбайдың аққайыңдар өлкесіне келгеніне 30 жылдан асқан. Осы уақыт аралығында ол теріскейдегі біраз елді мекендер мен жер-су атауаларын зерттеп, олардың тарихи атауларын анықтауға сүбелі үлес қосқан.
ЖАҚСЫБАЙ САМРАТ, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «EGEMEN QAZAQSTAN» ГАЗЕТІНІҢ МЕНШІКТІ ТІЛШІСІ, ЖАЗУШЫ:
- Ағамыздың жер-су атауларын зерттеуде де еңбегі зор. Ол ономастика бойынша көптеген елді мекендердің атауларының қазақша атауларын тауып үлкен кітап қылып шығарды.
Айта кету керек, Зарқын Сыздықұлының мерейтойына қатысты бұл алғашқы кездесу емес. Осыған дейін де түрлі жиындар өткізілді. Өйткені, ғалымның еңбегі мен жүріп өткен жолын бір жиында айтып өту мүмкін емес.