Петропавлда иесіз ит-мысықтарға арналған заманауи кешен жұмыс істеп тұр. Елімізде баламасы жоқ нысан осыдан бір ай бұрын ашылған. Арнайы орталық 300 мысық пен 500 итке арналған. Жобаны жергілікті кәсіпкер Андрей Исаков іске асырды. Жануарларды қамқорлығына алған азаматпен тілшіміз тілдесіп қайтты. Сюжетке зер салайық.
- «Я очень люблю животных, кошек, собак. И мне всегда хотелась для них создать комфортное достойное условие для существование.»
Қараусыз қалған ит-мысықтарға арналған заманауи кешен осыдан бір ай бұрын Петропавл маңында ашылды. Жобаны өңірге белгілі кәсіпкер, меценат Андрей Исаков жүзеге асырған. Ол соңғы 10 жыл ішінде жануарларды қорғайтын еріктілерге көмектесіп келіпті. Ал иесіз қалған ит-мысыққа орталық салу идеясы осыдан 5 жыл бұрын келген екен. Тіпті, тәжірибе алу үшін ТМД елдерін аралап көріпті.
АНДРЕЙ ИСАКОВ, КӘСІПКЕР:
- «Осыған ұқсас жануарларға арналған заманауи кешенді Украинадағы Харьков қаласында көрдім. Маған бірден ұнады. Содан өткен жылдың тамыз айында құрылыс жұмыстарын бастаймын деп шештім. Ал желтоқсан айының соңында ашылу салтанатын өткіздік.Осылайша менің кішкентай ғана арманым орындалды.»
Андрей Исаковтың айтуынша тұрғындардың басым бөлігі үй жануарын далаға тастап, қаңғытып жібереді. Ал бұл кейіпкеріміздің жанына қатты батады. Бұл жерге жануарлар көп жағдайда ауыр халде түседі екен.
АНДРЕЙ ИСАКОВ, КӘСІПКЕР:
- «Мұнда түскен жануарлар 40 күн бойы карантинде болады. Мамандар олардың ауруларын емдеп, жуындырады. Екпе қояды. Содан кейін негізгі орынға жайғастырады. Жалпы біздің мақсатымыз- ит-мысыққа жылы үй мен қамқорлық жасайтын иесін тауып беру. Яғни бұл жер оларға уақытша пана. Соның арқасында көшедегі қараусыз ит-мысықтардың саны азаяды деп ойлаймын.»
НҰРБОЛ БАЛҒАБЕКОВ, ТІЛШІ :
- «Ит-мысыққа арналған арнайы орталық 800 жануарға шақталған. Қазіргі күні мұнда 78 мысық пен 200-ге жуық ит бар. Онда оларға барлық жағдай жасалған.»
Кәсіпкер жануарларды асырау үшін ай сайын шамамен 7 миллион теңге жұмсайды. Бүгінде олардың күтімімен 17 маман айналысады.
АНДРЕЙ ИСАКОВ, КӘСІПКЕР:
- «Жануарларды күніне екі рет тамақтандырамыз. Әрқайсысына жеке қараймыз. Уақытында медицниналық көмек көрсетеміз. Бір айдың ішінде осы жерден 20-дан астам мысық пен 15-ке жуық итті алып кетті. Бұл- қуантарлық жайт.»
Кейіпкеріміздің айтуынша орталыққа қараусыз қалған ит-мысықтар жайында қоңыраулар келіп түседі. Кейбір тұрғындар жануарларды өздері әкеліп береді екен.
ЕКАТЕРИНА КОРОЛЁВА, ОРТАЛЫҚ ЖЕТЕКШІСІ:
- Жақында бір әйел ит құдыққа түсіп кетті деп хабарласты. Бірден оқиға орнына жетіп, жануарды құтқарып алдық. Күшік әбден тонып қалған. Қазір ол осында. Жағдайы жақсы. Жалпы күніне бізге осы сынды 3-4 қоңырау келіп түседі.»
Алдағы уақытта орталық жанынан ветеринарлық клиника мен қонақ үй ашылмақ. Яғни, демалысқа кеткен тұрғындар бұл жерге ит-мысықтарын бірнеше күнге қалдыра алады.