Дертке дауа табудың бірден бір тиімді жолы - ол атпен серуендеу. Иппотерапия деп аталатын емнің бұл түрі даун, аутизм, цереберальді паралич сияқты ауруларда қолданылады. «Ардос - жүрек» мүгедектердің бірлестігі қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, жаз мезгілінде бұл шараға 30 шақты ұл-қызды қатыстыру жоспарлаған.
МАЙГҮЛ СЕЙІЛБЕК, ТІЛШІ:
- Жылқыны қазақ халқы жеті қазынаның біріне қосады. Киелі жануарды баптау, оған күтім жасау әдет-ғұрпымыздың бір бөлшегі. Қамбар ата түлігінің адам баласына тигізетін пайдасы да мол. Солардың бірі иппотерапия. Бұл медицинада қолданылатын емдеу жолының бір түрі. Аттың бойында өзіне тән ерекше энергиясы болғандықтан олар балалардың психологиялық және эмоционалдық жағдайын түзетуге жәрдемдеседі.
Иппотеропиялық емдеу әдісі – тірек-қимыл аппаратының бұзылуында, атеросклероз, бас сүйек жарақатында, полимиелитте, асқазан-ішек ауруларында ұсынылады. Елена Скрипак «Құлагер» ипподромына өзінің 7 жастағы Катя есімді қызын ертіп келген. Балақай 2-ге толған кезде анасы оның бойында ерекшеліктерді байқайды. Дәрігерлер балаға аутизм деген диагноз қояды. Еленаның сөзінше, иппотерапиядан кейін қызының көңіл-күйі көтеріліп, ұйқысы тыныш болады екен.
ЕЛЕНА СКРИПАК, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:
- Иппотерапия баланың денсаулығына жақсы әсер етеді. Катяға мұнда қатты ұнайды. Қызым атқа мініп, серуендейді. Оларды тамақтандырады. Емдеудің бұл түрі тегін.
Бала жылқылармен сөйлесіп-сырласады, салт ат жүргенде көңілі көтеріледі. Сонымен қатар, ат үстінде әлемге жоғарыдан қарайды, осылайша оның өз-өзіне деген сенімділігі артады. Бұдан бөлек жануарларға қалай қамқорлық жасау керектігін де үйренеді. Мәселен, 6 жастағы Иван жылқының сәбіз бен қантты жақсы көретінін жақсы біледі.
ИВАН, ЖЫЛҚЫЛАРДЫ ЖАҚСЫ КӨРЕДІ:
- Я катаюсь на лошадях. Если я біді кататся на лошадях весь день то я буду добрым.
Иванның анасы Анастасия ұлын иппотерапиядан қалдырмауға тырысады. Себебі, осы жерде бала өзін еркін сезініп, жақсы көңіл-күй алады.
АНАСТАСИЯ ПОГОРЕЛОВА, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:
- Биыл иппотерапияның бірінші курсына келіп тұрмыз. Өкінішке орай өткен жылы пандемияға байланысты мұндай іс-шара ұйымдастырылмады. Сол себепті, баламның қуанышында шек жоқ. Бір сағаттан астам уақыт бойы аттың үстінен түскен жоқ. Оларға сәбіз, қырыққабат берді.
Қайырымдылық акциясын ұйымдастырушылар алдағы уақытта даун және цереберальді параличке шалдыққан балақайларға да иппотерапиядан қосымша курс өткізуді жоспарлап отыр.
АҚЖАН КӘРІМ, «АРДОС-ЖҮРЕК» МҮГЕДЕКТЕРДІҢ БІРЛЕСТІГІ» ЗТБ ДИРЕКТОРЫ:
- Мұндай емдеу курсын біз жылда ұйымдастырамыз. Оған түрлі сырқатқа шалдыққан балалар мен ересектер тегін қатыса алады. Басты мақсатымыз - қуаныш сыйлау. Себебі, иппотерапия арқылы адам өзінің физикалық және психологиялық жағдайын жақсартады.
Атпен баяу серуендегенде, адам денесіне минутына 100 шайқау импульсі беріледі. Және тепе-теңдікті сақтау үшін салт мінген адам бойын жинауға, өзінің әрбір дене қимылын игеруге жаттығады. Деректерге сүйенетін болсақ бүгінгі күні 52 ел иппотерапия әдісін тиімді қолданып келеді.
Майгүл Сейілбек