Жылдың аяғына дейін 28 үй тапсырылмақ. 2 мың 500-ге  жуық қызылжарлық  жаңа үйде қоныс тойын тойлайды. Қазіргі таңда «Жас Өркен» ықшам ауданында 11 үйдің құрылысы жүріп жатыр.

«Жас Өркен» ықшам ауданында құрылыс жұмыстары қарқын алды. Бүгінгі күні мұнда 11 үй салынып жатыр. Солардың бірі Парковая көшесінде орналасқан мына 9 қабатты 144 пәтерлі тұрғын үй. Бұл жерде жұмыстар өткен жылдың тамыз айында басталды. Жоба құңы 1 млрд 500 млн теңге.

ХАЙДАР АТАЖАНОВ, «СТРОЙКОМПАНИЯ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

- Құрылыс материалдарының барлығы да отандық өнім. Мәселен кірпішті біз Көкшетау, Нұр-Сұлтан қалаларынан сатып аламыз. Әрине маман жетіспеушілігі бар. Соның ішінде тас қалаушылар. Соған қарамастан нысанды уақытылы яғни осы жылдың аяғына дейін тапсырамыз деп жоспарладық.

Қазіргі таңда 9 қабатты үйдің 8-ші қабаты көтеріліп жатыр. Алаңда 50-ге жуық жұмысшы жүр. 15-тен аса техника жұмылдырылған. мердігер компания бұдан бөлек Береке ықшам ауданында 5 қабатты үйді салып жатыр.

ВИКТОР ШЕВЧЕНКО, УЧАСКЕ БАСТЫҒЫ:

- Қазіргі таңда кафель төсеП, қабырғаларды сылап,  ішкі және сантехникалық жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Кәріз жүйесін ретке келтіріп, жылу торабын саламыз. Себебі, күз мезгілінде үй тапсырылатын болса жылыту маусымын бастауда қиындықтар тумауы қажет.

Бұл үй «Отбасы банкі» арқылы  халыққа мемлекеттік бағдарлама аясында беріледі. Ол үшін әкімдікте пәтер кезегінде тұру қажет. Жалпы, Шаһарда қазіргі таңда 5 жалға берілетін коммуналдық, 13 несиелік және 10 коммерциялық үй салынып жатыр. «Жаңа қала» реновациялық бағдарламасы аясында жартылай жерге кірген ескі үйлер бұзылып, орнына көп қабатты баспаналар бой көтеріп жатыр.

Майгүл Сейілбек