Бүгінгі күні «Рухани жаңғыру» бағдарламасы 6 бағыт, 13 арнайы жоба бойынша жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар, өткен жылдың шілде айынан бастап тағы 4 арнайы жоба қосылды. Осылайша 2021-ші жылға 50-ден астам түрлі жобаны іске асыру үшін 186 млн теңге бөлінді. Бұл туралы бүгін облыс әкімнің орынбасары Ғани Нығыметов өңірлік сараптамалық кеңес отырысында айтты.
2017 жылы 12 сәуірде Тұңғыш президент Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жариялады. Ал 26 сәуірде қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссия құрылып, Елбасы әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртар 6 бағытты айқындап берді. Осы 4 жылдың ішінде бағдарлама аясында елімізде ұлттық құндылықтарды жаңғырту және дамыту аясында мыңдаған жобалар іске асырылды.
ҒАНИ НЫҒЫМЕТОВ, СҚО ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
- «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асырудың жаңа кезеңі прогматизм, бәсекеге қабілеттілік, білімге ұмтылу, эволюциялық даму секілді идиологиялық құндылықтарды ілгерілетуге басым назар аударумен өтуде. Өңірлік сарапшылар кеңесінің жұмысын жандандыру қажет.
«Рухани жаңғыру» институты қазақ әліпбиінің латын графикасына көшуі, «жаңа гуманитарлық білім, қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «туған жер», «қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «жаһандық қазақстандық мәдениет», «қазақстандағы 100 жаңа есім» бағыттары бойынша Солтүстік Қазақстан облысында жұмыс істеп жатыр. Мәселен, «Туған жер» арнайы жобасының аясында жыл басталғалы бері 261 млн теңгеге 6 меморандумға қол қойылды. 2020 жылы 1,4 млрд теңгеге 473 жоба іске асырылды. Сонымен қатар, мамандардың сөзінше өз туған ауылдарының дамып-өркендеуіне үлес қосып жүрген меценаттардың қарасы көбейген.
МЕДЕТ ОСПАНОВ, СҚО КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ИНДУСТРИАЛДЫ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
- 2020 жылы 12 әлеуметтік нысан іске қосылды. 301 млн теңгеге. Мысалы, Аққайың ауданында Шаймерденов Біржан жол жөндеуге қаржы бөлді.
Облыстың сакралды картасына 33 нысан енгізілді. Соның 8-і жалпы ұлттық тізімде болса, 16-ның инфрақұрылымы дамыған. Сонымен қатар, былтыр Сәбит Мұқанов, Иван Шухов музейлерінде,Абылайхан музей-кешенінде, Меңгесер көлінің маңында орналасқан Ноғайбай бидің зиратында жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.
ӘСЕМ СӘДУАҚАСОВА, СҚО МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ МҰРАҒАТ ІСІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
- Облыстық тарихи-өлкетану музейінің маңында «Қызылжар» арт орталығының құрылысы аяқталды. Ашық аспан астындағы алаңда көктем-жаз мезгілінде түрлі көрмелер ұйымдастырылып, жергілікті қолданбалы өнер шеберлері мен суретшілер тұрғындарға арнап шеберлік сағаттарын өткізеді. Жалпы бұл нысанға облыстық бюджеттен 82 миллион теңге бөлінді.
Пандемияға байланысты іс-шаралардың барлығы да онлайн форматта өтіп жатыр. Соған қарамастан олар облыс тұрғындары үшін маңыздылығын жоғалтқан жоқ.
Майгүл СЕЙІЛБЕК