Петропавл тұрғыны үй ауласында 80-ге жуық кептер өсіреді. Оның құс қорасында сәндік және сирек кездесетін көгершіннің 8 түрі бар. 6 жасынан бастап құс өсіріп келе жатқан  тұрғынмен біздің тілшіле жүздесіп қайтты. Айтуынша кептер өсіру оның хоббиі, дегенмен жақында  сүйікті ісімен қош айтысуы мүмкін.

Камиль Гайдиатулинге құс өсіру әкесінен мұра ретінде қалған екен. Әкесінің хоббиі бүгінде оның сүйікті ісіне айналған. Ауласындағы шағын ғана құс қорасында 80-ге жуық кептерді баптайды. Әрқайсысына мейрімін төгіп, баласындай мәпелейді. Өйткені құстың бұл түрі басқаларына қарағанда сезімтал келеді екен.

КАМИЛЬ ГАЙДИАТУЛИН, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Бұл хобби. Кейбіреулер ит, мысық ұстағанды ұнатады. Ал енді біреулер балықшылықпен әуестенеді. Ал менің сүйікті ісім осы. Көгершіндердің барлығы мені біледі, өздеріне жақын тартады. Арамызда сөзбен жеткізе алмайтын байланыс бар. Жыл сайын жан-жақтан шақыртулар түседі. Түрлі көрмелерге қатысып отырамыз. Сатамыз, сатып аламыз немесе айырбатаймыз.

Ақ, сары, қара, қоңыр және қызыл көгершіндер бір-бірінен түстерімен ғана емес, тұқымымен де ерекшеленеді. Одан қалды әрқайсысының өзіне тән мінез-құлқы да бар екен.

НҰРСҰЛТАН ТІЛЕКТЕСОВ, ТІЛШІ:

- Бұлар аса қатты күтімді қажет етпейді. Тек күніне екі рет жем-суын беріп, кетегін тазалап отырсаңыз жеткілікті. Кептер бағуды тек хобби ғана емес, пайдалы істердің қатарына жатқызуға болады. Өйткені бұл қанаттылардың бағасы екі мыңнан, жиырма мыңға жетеді екен.

Камил Гайдиатулиннің айтуынша қазіргі жастардың өмірге деген көзқарасы, дүниетанымы мүлде басқаша. Қолындағы кәсібін мұра етіп қалдыратын адам жоқ деп қынжылады азамат. Осы бір істі өмірлік хоббиға айналдырған тағы бір жан Равиль Гайнутдинов. Оның да құс қорасы осы аулада орналасқан. Қала тұрғыны бүгінде 60-қа жуық көгершін баптап отыр.

РАВИЛЬ ГАЙНУТДИНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Бұрын кептер бағатындар көп болатын. Қазір саусақпен санарлықтай. Біз құсты сатып пайда табу үшін ұстамаймыз. Өзімізге ұнағандықтан бағып отырмыз. Бұл істі мен жан рахаты дер едім.

Екі кептерші де зейнет жасында. Көгершін өсіріп, бағу – оларға ермек. Алайда жақында бұл хоббиден бас тартуға тура келуі мүмкін. Қалалық әкімдік оларға ауланы босатуды талап етіп отыр. Құс қорасын сыруға 3 жыл мерзім уақыт берген, оның бір жарым жылы өтіп кетіпті.

Нұрсұлтан ТІЛЕКТЕСОВ