Қызылжар ауданы Бугровое ауылының  байырғы тұрғындары Николай мен Тамара Степановтар шаңырақ құрғандарына  70 жыл  толғанын  атап өтті. Жарты ғасырдан артық ерлі-зайыптылар көптеген қиындықтан бірге өтіп, қазіргі шақта сол өмірдің жемісін көруде. Әулет иелерін    құттықтауға  жан-жақтан  балалары мен  немере-шөберелері  жиналды.    

Николай атай мен Тамара әжей 1947 жылы шаңырақ көтерді. 1948 жылы   Николай Борисович Отан алдындағы  борышын өтеуге кетіп, өзінің тұңғыш ұлын 3-ке толған кезде ғана  көрген. Бүгінде Степановтар жанұясы 3 бала, 8 немере, 12  шөбере және бір шөпшек тәрбиелеуде.

ТАМАРА СТЕПАНОВА, БУГРОВОЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

- Әрине тату-тәтті тұрамыз.Жанұямызда «сен,мен» деген жоқ, «біз, бізде» деген бар. Адам өзін ғана емес, отбасын ойлаған кезде бақытты болады. Жолдасым-өте жақсы көмекші, нағыз ер азамат. Қолынан кез-келген іс келеді. Өндірісте жұмыс істеген, ауыл тұрғындарына сыйлы азамат.Бала-шағамыз да дәл осылай бір-бірін құрметтесе екен дейміз. Махаббат бар жерде бақыт,жақсылық бар.

Бір-бірінің жақсылығын асырып, жаманын жасырып отыратын той иелерінің жанарынан   махаббат отының өшпегенін байқадық. Тамара Ильиничнаны жолдасы қатты құрметтейді.Әсіресе оның тағамдарын мақтап,ризашылығын айтады.  Тамара әжей әлі  күнге дейін жолдасы сүйіп жейтін  ірімшік қосылған құймақтарын  өз дайындап береді. Айта кеткен жөн,  ерлі-зайыптылардың  арасында    романтикалық сезім   өшкен емес. Мерейтой күнінде Николай Борисович дала  гүлдерін жинап, жарына аэропланмен ұшып келіп  сыйлаған.

НИКОЛАЙ СТЕПАНОВ, БУГРОВОЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Немерем қоңырау шалып «Ата аэроплан сатып алдым, алып келсем ұшасың ба?» дейді, мен болсам бірден келістім.Ол сенген жоқ.Келісімен, бірден серуендеуге шықтық. 

Әкеге қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер.Ерлі-зайыптылардың   өмірі  балалары мен немерелеріне үлгі. Әрине ыдыс-аяқ шылдырламайтын отбасы болмайды, соған қарамастан бар қиындыққа төтеп беріп, бір-бірін 70 жыл бойы қолдау, сену, сүю және құрметтеу үлкен іс. Осы қасиеттердің арқасында олар берік әрі мықты отбасын құрған.

ЕВГЕНИЙ СТЕПАНОВ, СТЕПАНОВТАРДЫҢ ҰЛЫ:

Мен ұл бала ретінде уақытымды көбіне әкеммен өткіздім. Балық аулауға, аңшылыққа баратынбыз.3 сыныпта көлік айдауды үйрендім. Шөп шабатынбыз. Әке-шешеміздің тілін алмау деген болған жоқ бізде.Әрқашан ақыл-кеңестерін беріп тұрады. Осының барлығын біз өзіміздің балаларымыздың бойына сіңіреміз.

ЕВГЕНИЙ СТЕПАНОВ, СТЕПАНОВТАРДЫҢ НЕМЕРЕСІ:

- Бұл кісілер бізге бала кезімнен үлгі болды.Оларды сыйлаймыз. Екеуі махаббат пен адалдықтың, сенімділік пен бірліктің символы іспеттес.Мен немерелердің ең үлкені болғандықтан мамыр айының ортасынан қыркүйекке дейін осында болатынмын. Мейірімділік пен   жылулықты сезініп өстім. Ғайбат сөз айтқандарын да естігенім жоқ.Тіпті қазір жастары 90-да болса да бір-бірімен жылы сөйлеседі.

Айта кеткен жөн отасқандарына 70 жыл толуын және аналарының 90 жылдығын Степановтар отбасы бір күн айырмашылықпен тойлайды. Осы атаулы датада отбасы мүшелері барлық жұмыстарын кері шегеріп, ауылға келіп той иелерін құттықтауда.

Майгүл СЕЙІЛБЕК

Тегтер: Петропавл жаңалықтары мен оқиғалары, Солтүстік Қазақстан облысының соңғы жаңалықтары, Петропавлдағы соңғы жаңалықтар