Бүгінде зағип және көзі нашар көретін жандар назардан тыс қалмайды. Олар үшін арнайы мекемелер ашылып әр түрлі көмек көрсетілуде. Осы орайда облысымызда су қараңғылықтың зардабын шеккен жандар үшін Луи Брайль ойлап тапқан бедерлі-нүктелі шрифт әдісін пайдаланатын кітапхана бар. Қазіргі таңда мұнда бір мыңнан астам оқырман келіп, осы жерде бос уақытын өткізеді.
Любовь Молчанова тумысынан көзі нашар көреді. Соған қарамастан ол кітап оқығанды жаны сүйеді. Уақытының көп бөлігін осы кітапханада өткізетін Любовь Валентиновна Детектив, роман сынды жанрларды сүйіп оқиды.
ЛЮБОВЬ МОЛЧАНОВА, ОҚЫРМАН:
- Мен кітап оқығанды өте жақсы көремін. Жуырда «Авиатор», «Ротмистр» деген кітаптарды оқыдым. Осы кітапханаға әр апта сайын келемін. Ал, қазір мен «Имя женщины Ева» деген кітапты оқуға алдым.
Зағип жандарға арналған кітапхана өз жұмысын 1972 жылы бастаған. Қорында 40 мыңнан астам кітап бар. Оның 5 мыңға жуығы қазақ тілінде. Сондай-ақ көру қабілетінен айырылған жандар үшін арнайы аудио кітаптар да қарастырылған. Қазіргі таңда кітапхананың қызметін пайдаланып жатқандардың қатары күн санап артып келеді.
АЙМАН ТАСТЕНБЕКОВА, КІТАПХАНА МЕҢГЕРУШІСІ:
- Біздің кітапханаға жыл сайын жаңа кітаптар түсіп тұрады. Жақында су жаңа 70 шақты кітап келіп түсті. Бізде 40 мыңға жуық кітап бар. Олардың 5 мыңнан астамы қазақ тілінде. Олар көркем әдебиет пен әр түрлі журналдар.
Аталмыш кітапханада көзі нашар көретіндердің ыңғайына қарай кітап оқуға барлық жағдай қарастырылған. Мүмкіндігі шектеулі адамдар уақытынын көп бөлігін осында өткізеді. Олардың бірі кітап оқыса, енді бірі домино ойнап, аудио кітап тыңдайды.
Ринат АЙТЖАНОВ
Тегтер: Петропавл жаңалықтары мен оқиғалары, Солтүстік Қазақстан облысының соңғы жаңалықтары, Петропавлдағы соңғы жаңалықтар