Бүгіндері Петропавл қаласы мен Заречный кенті арасында  мына Урал «Вахтовка» көлігі ғана қатынауда . Әскери техникамен елді мекенге азық түлік, дәрі дәрмек әкелініп, тұрғындар қалаға қатынайды. Заречный кентінің тұрғыны Айгүл Кәдірменова  қаладағы кітапханалардың біреуінде жұмыс істейді. Жолды  су басқалы жұмыс орнына жету біраз қиындап кетті дейді.

Заречныйдың байырғы тұрғындарының айтуынша, жыл сайын көктемде елді мекенді су басу қаупі жоғарылайды. Абырой болғанда биыл үйлер аман қалды. Төтенше жағдайлар қызметкерлері дер кезінде қол ұшын берді.   

Облыс  құтқарушылары мен полицейлер   Заречныйға кіре беріс  жолда күні-түні кезекшілік етеді. Тәртіп сақшылары жеңіл көліктің өтпеуін қадағаласа, құтқарушылар  әскери мамандандырылған Урал көлігі арқылы тұрғындарды   тасымалдайды. Тәулігіне шамамен 20-25 рейс жасайды.

Апаттық қиын жағдайға қарамастан Заречныйдың 3 азық-түлік дүкені мен барлық дәріханалары үздіксіз жұмыс істеп тұр. Бұл да әскери көліктің көмегінің арқасында.

Қазір су біртіндеп тартылып келеді. Бірақ синоптиктердің мәлімдеуінше Ақмола облысынан келген судың әсерінен Сергеев су қоймасындағы судың деңгейі екінші рет көтеріліп жатыр.

 

Әсел ОРАЗБАЕВА