2008-ші жылдың 21 тамызында Петропавлда ұлы қолбасшы Абылай ханның ақ үйі қайта құрылып, оның салтанатты ашылуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан еді. Бүгін мұражай-кешеннің 10-жылдығына орай Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап кітапханада «Ұлы ханның ордасы – Еліміз үшін маңызды тарихи-мәдени ошақ» атты I Республикалық тәжірибелік конференция өтті.

Абылайдың ақ үйі, Ұлы ханның ордасы Петропавлдағы маңызды тарихи ескерткіштердің бірі. Тарих беттеріне сүйенсек 1765 жылы Есіл өзенінің жоғарғы жағындағы Енқыстау тауында әулие Петрдің бекінісі жанынан даңқты қолбасшыға арналып ағаш үй салынды. Бұл ғимарат тек ханның үйі ретінде ғана қолданылмай сонымен қатар шиеленісті мәселелерді шешуге арналған орынға айналды. Ғимарат 2006-2007 жылдар аралығында «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында күрделі жөнделіп, 2008 жылы тарихи мұражай-кешен ретінде салтанатты ашылды. Қазіргі таңда мұражай-кешенде 500 ден аса жәдігер бар.

МАДИЯР ҚОЖАХМЕТ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Бүгін өңіріміздің Республикада баламасы жоқ мәдени нысанаға ие болды. Ол біздің киелі география тізіміне еніп, қазіргі таңда Республикалық маңызы бар обьектілердің бірі болып отыр. Біздің облысымызда 25 нысан киелі жерлер тізіміне енгізіліп, республикалық реестрде тіркелген 9 нысанның ішіндегі Абылай ханның резиденциясы өзінің орнын тауып отыр.

Абылай дарынды хан, қайраткер әрі даңқты қолбасшы болған. Ақ Орданың негізін қалаушы ұлы тарихи тұлға. Сонымен қатар ол Кенесары ханның атасы болып табылады. Ел билеген тұсында Абылай хан қазақ жеріне шабуылдаған жоңғарларға қарсы шайқасып, Ресей және Қытай мемлекеттерімен достық қарым-қатынас орнатқан. Қазіргі уақытта оның ұрпақтары ұлы атамыздың ерлігін үнемі еске алып, өскелен ұрпаққа айтып жүреді. Солардың бірі Абылай ханның жетінші ал Кенесарының бесінші ұрпағы Асылхан Әшімхан Теміртау қаласынан осы іс-шараға қатысу үшін арнайы келген.

АСЫЛХАН ӘШІМХАН, АБЫЛАЙ ХАННЫҢ ЖЕТІНШІ ҰРПАҒЫ:

- Абылай хан бабамыз Ұлы үш жүздің басын қосып, мемлекет болып, орыс пен қытайдың екі жақтиың арасын татуластырып, осы жерді сақтаған. Бабамыздың арқасы деп білемін. Соын насихаттап жүрмін, үгіттеп жүремін. Ол кісі дипломат болған екен. Осының арқасында орыстармен және қытайлармен түрлі жанжалдар болмай үлкен ұлы даланы сақтап, қорғап қалған кісі екен.

Қазіргі уақытта мұражай-кешеннің 4 залы бар.Тарихи залдарда Абылай ханның балалық шағынан хан тағына отырғанға дейінгі өмірін қамтитын көне жәдігерлер орналастырылған, Тақ залы, коллаждар, картиналар, кітаптар қойылған түрлі қызықты бөлмелер сол кездегі қолбасшының және қазақ жұртының өмірінен келушілерге сыр шертетіндей. Конференцияға қатысушыларға арналып кітапханада кішігірім көрме ұйымдастырылды.

ЛЮДМИЛА ШЕРАУХОВА, «АБЫЛАЙ ХАН РЕЗИДЕНЦИЯСЫ» МУЗЕЙ-КЕШЕНІНІҢ ФОНДТАРЫН БАС САҚТАУШЫ:

- Конференцияға қатысатын қонақтарға арнап біз кішігірім көрме ұйымдастырдық. Мұнда сол дәуірде қару ретінде қолданған фетильді мылтық пен қорғасын оқтар, астау, күбі, қылыш, торсық және тағы да басқа өте көне жәдігерлер қойдық. Жалпы 30-ға жуық экспонат бар.

Конференцияда бас қосқандар «Абылайдың Ақ үйі», 18-ші ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақстанның ішкі және әлеуметтік-экономикалық жағдайы, Абылай ханның ұрпақтары тақырыптарында сөз қозғады. Қиындыққа толы тағдыры бар, батыл мінезді, дарын иесі – жетім қалған Әбілмансұрға халық қаһарманы Абылай хан атану бұйырды. Ол елді азат еткен батыр, дана билеуші, көреген саясатшы және қазақ халқын біріктіруші.

Майгүл СЕЙІЛБЕК