Негізгі Жаңалықтар Мәслихат депутаттары сайлауы өтіп жатыр

Мәслихат депутаттары сайлауы өтіп жатыр

Бүгін Қазақстанның барлық өңірінде мәслихат депутаттарының сайлауы өтуде. Еліміз бойынша 228 жергілікті мәслихатқа 3447 депутат сайлануы тиіс. Солтүстік Қазақстан облысында барлығы 15 мәслихат бар. Оның біреуі – облыстық, біреуі – қалалық, қалған 13-і аудандық мәслихат. Бұл жолы өңір бойынша 193 депутат сайланады. Облыс аумағында 543 сайлау учаскесі жұмысын бастады. Оның 92-сі Петропавл қаласында орналасқан. Депутаттыққа үміткер ретінде 560 адам тіркелген. Олардың 352-сі өзін-өзі ұсынған кандидаттар, ал 208-і саяси партия өкілдері. Өңір бойынша сайлаушылар тізіміне 364 мыңнан астам тұрғын енгізілген. Олар өздері тұратын аумақтағы мәслихат депутаттарын сайлауға қатыса алады.

Петропавл қаласындағы Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінде орналасқан №667 сайлау учаскесінде мәслихат депутаттарын сайлау учаскесі таңғы сағат 7:00-де ашылып, алғашқы минуттардан-ақ дауыс беруге келген тұрғындардың қатары көп болды. Мұнда қалалық мәслихат депутаттығына 3, облыстық мәслихат депутаттығына 3 кандидат тіркелген. Жалпы, сайлау учаскесінде 2277 сайлаушы бар. Таңертеңнен бастап тұрғындар сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауларын жасауда. Олардың қатарында биыл алғаш рет дауыс беретін жастар да бар. 18 жасқа толған 20-ға жуық жас үшін бұл – азаматтық таңдау жасап, сайлауға қатысудағы алғашқы тәжірибе. Айта кетейік, сайлау учаскесінде дауыс беру процесі белгіленген тәртіпке сай өтуде. Тұрғындар кешке дейін өз таңдауларын жасай алады.

АҚНҰР БЕЙСЕНБАЕВА, №667 УЧАСКЕЛІК САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ

Бұл мектепте №668 сайлау учаскесі де жұмыс істейді. Мұнда 2151 сайлаушы тіркелген. Олардың бесеуі биыл алғаш рет дауыс беріп отыр. Сонымен қатар, денсаулығына немесе басқа да себептерге байланысты учаскеге келе алмайтын екі тұрғын үйден дауыс береді. Сайлау учаскесіне таңертең ерте келіп, алғашқылардың бірі болып дауыс берген тұрғындарға естелік сыйлықтар табысталды. Бұл – сайлаушылардың белсенділігін арттыруға бағытталған шаралардың бірі.

МАЙРА СӘРСЕНОВА, №668 УЧАСКЕЛІК САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ

Дауыс беру учаскелерінде сайлау процесі белгіленген тәртіпке сай жалғасуда. Тұрғындар кешкі сағат 20:00-ге дейін өз таңдауын жасауға мүмкіндік алады. Сайлау қорытындысы дауыс беру аяқталғаннан кейін белгілі болады.

Бөлісу