«Қуаныш» «Ақтөбеге» есе жіберді
«Қуаныш» волейбол клубы Ұлттық лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатында кезекті ойынын өткізді. 35-маусымның бесінші туры аясында жерлестеріміз өз алаңында «Ақтөбе» клубымен шеберлік байқасты. Тартысты кездесудің барысы жайлы тілшіміздің бейнематериалында
Жылдамдық, қызу бәсеке және әр доп үшін тартысты талас. Петропавл төріндегі волейбол алаңында жергілікті «Қуаныш» ерлер клубы мен ақтөбелік команда өзара мықтыны анықтады. Қос ұжым волейболдан Ұлттық лига клубтары арасындағы Қазақстан чемпионатының 35-маусымындағы бесінші тур аясында бақ сынады. Өз алаңында, жерлестерінің қызу қолдауымен өнер көрсеткен солтүстікқазақстандық спортшылар үшін бұл кездесу турнир кестесіндегі маңызды ұпайларды иеленуге таптырмас мүмкіндік болды»
Кездесудің тағдыры соңғы сетке дейін шешілген жоқ. Алаңдағы бәсеке бастан-аяқ тең дәрежеде өрбіді. Қос команда да жеңісті уыстан шығармауға тырысып, партияларды кезек-кезек өз еншілеріне жазды. Ешбір ұжым қарсыласынан оқ бойы оза алмады. Нәтижесінде төрт сеттің қорытындысы бойынша жеңімпаз анықталмай, тартысты ойын шешуші бесінші кезеңге ұласты.
Тартысқа толы шешуші кезеңде мінез танытқан солтүстікқазақстандық волейболшылар 3:2 есебімен жеңіске жетті. Жанкүйерлердің қызу қолдауы жерлестерімізге қосымша күш-жігер сыйлағаны сөзсіз. Айта кетейік, Петропавл төрінде Ұлттық лиганың бесінші турындағы ойындар әлі де жалғасуда. Алдағы күндері «Қуаныш» клубын өз алаңында тағы бірнеше жауапты кездесу күтіп тұр. Жерлестеріміз алдағы матчтарда да сәтті өнер көрсетіп, жанкүйерлерін жарқын жеңістерімен қуантады деген сенімдеміз