Негізгі Жаңалықтар «Qyzyljar Open Breaking»

«Qyzyljar Open Breaking»

Жақында Дакарда өткен 2026 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасында жерлесіміз Айзара Жұмабекова брейк-данстан 5-орын иеленген болатын. Ал өткен демалыс күндері Петропавлдағы «Qyzyljar Creative Center» орталығында «Qyzyljar Open Breaking» ашық би чемпионаты өтті. Өнер додасы 100-ден астам бишінің басын қосты. Қатысушылардың арасында бес жасар бүлдіршіндермен қатар, 16 жастан асқан тәжірибелі шеберлер де бар. Брейкинг мерекесіне Ресейдің Омбы және Новосібір қалаларынан да арнайы қонақтар келді. Тақырыпты тілшіміз сабақтайды.

Батыстық хип-хоп мәдениетінің бұл түрі елімізде күн санап қанатын кеңге жайып келеді. Өткен ғасырдың 70-жылдары АҚШ-тың Бронкс көшелерінде бастау алған брейк-данс 2024 жылы Парижде өткен жазғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына алғаш рет енген болатын.

СНХР: ЕСМҰХАМЕД ИМАМБАЕВ — «QYZYLJAR OPEN BREAKING» ҰЙЫМДАСТЫРУШЫСЫ

Ұйымдастырушылардың айтуынша, брейкингке қимыл-қозғалысты жаны сүйетін, бойында қуаты бар жастар келеді. Олар бар күш-жігерін осындай күрделі акробатикалық элементтер арқылы сыртқа шығарады. Сонымен қатар, брейкинг — ерекше көңіл-күй мен қызу тартысқа толы өнер, әрі ырғақты музыкамен үндескен би. Мәселен, Максим Каменский билеп қана қоймай, диджейлікпен де кәсіби түрде айналысады.

СНХР: МАКСИМ КАМЕНСКИЙ, ДИДЖЕЙ

Ал мына кадрларда қазылар алқасының мүшелері ортаға шығып, өз шеберліктерін паш етуде. Олар жас бишілерге шабыт сыйлап қана қоймай, брейкингтің жоғары деңгейін көрсетіп, нағыз шеберлік сабағын өткізді.

СНХР: СТЕПАН ЧЖАН, ҚАЗЫЛАР АЛҚАСЫНЫҢ МҮШЕСІ, НОВОСІБІР Қ.

Тартысты өткен чемпионат қорытындысы бойынша әр жас санатының үздіктері анықталды. Атап айтқанда, 5–7 жас аралығында Линар Назмутдинов топ жарса, 8–11 жастағы бишілер додасында Климентий Руденко оза шапты. Ал 12–15 жас санатында Тамерлан Тұрғын жеңіс тұғырынан көрінді. Қыздар арасындағы бәсекеде де кіл мықтылар бақ сынады: «Girl Junior» санатында Валерия Баталова жеңімпаз атанса, «Girl Kids» тобында Ләйсан Назмутдиноваға тең келер ешкім болмады. Дода соңында барлық жүлдегерлерге арнайы кубоктар мен естелік сыйлықтар табысталды.


Бөлісу