Негізгі Жаңалықтар Болашақ мамандыққа бағдар: оқушылар полиция қызметімен танысты

Болашақ мамандыққа бағдар: оқушылар полиция қызметімен танысты

Өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру және ішкі істер органдарының жұмысын кеңінен насихаттау мақсатында ерекше кездесу өтті. Петропавлдық оқушылар қызметтік борышын өтеу жолында ерлік көрсеткен нағыз батырдың өмір жолымен танысып, тәртіп сақшыларының күнделікті жауапты қызметіне қанықты. Тағылымды іс-шара жайында толығырақ облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі әзірлеген бейнематериалда баяндалады

Петропавлдың 700-ге жуық жоғары сынып оқушысы бүгінгі күннің нағыз батырымен жүздесті. Естеріңізге сала кетейік, осыдан үш жыл бұрын қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының инспекторы Олег Головин түнде Есіл өзеніне батып бара жатқан әйелді ажалдан арашалап қалған болатын. Көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін 2024 жылы Мемлекет басшысы тәртіп сақшысын Бауыржан Момышұлы атындағы II дәрежелі «Айбын» орденімен марапаттады.

СНХР: ОЛЕГ ГОЛОВИН — ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ ПАТРУЛЬДІК ПОЛИЦИЯ БАТАЛЬОНЫНЫҢ ҚЫЗМЕТ ИНСПЕКТОРЫ

Жиында Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Абылғазы Ғабдуллин сөз алып, жастарға ішкі істер органдарында қызмет етудің артықшылықтары мен зор мүмкіндіктерін кеңінен түсіндірді. Сонымен қатар, Ішкі істер министрлігінің ведомстволық оқу орындарына түсу тәртібі, талаптары және бүгінде полиция саласында аса сұранысқа ие мамандықтар туралы жан-жақты мағлұмат берді.

ЛЮФТ: АБЫЛҒАЗЫ ҒАБДУЛЛИН — СҚО ПД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

Кездесу аясында жасөспірімдерге отандық полицияның бүгінгі мүмкіндіктері жан-жақты көрсетілді. Оқушылар заманауи жауынгерлік жабдықтар көрмесін аралап, арнайы жасақ жауынгерлерінің көрсетілімін тамашалады. Жас буынның ерекше назарын адам өміріне қауіпті әрі қолжетімсіз жерлерге кіре алатын «төрт аяқты дрон» – робот-ит аударды. Сонымен қатар, кинолог пен қызметтік иттің кәсіби шеберлігі де көпшілікті тәнті етті. Танымдық кештің көркін Полиция департаменті Мәдени орталығының вокалдық тобы әуелете шырқаған патриоттық әндер қыздыра түсті

СНХР: РУСЛАН ТАСИМОВ — СҚО ПД ЖЕКЕ ҚҰРАММЕН ЖҰМЫС ЖӨНІНДЕГІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай тағылымды кездесулер жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік рухты қалыптастырып қана қоймай, олардың болашақ мамандығын саналы түрде таңдауына зор ықпал етеді. Бүгінде тәртіп сақшыларының ерлігіне тәнті болып, заманауи техниканы көзбен көрген оқушылардың арасынан ертеңгі күні ел тыныштығын күзететін нағыз кәсіби мамандар шығары сөзсіз.


Бөлісу