Негізгі Жаңалықтар Шалқар-Имантау курорттық аймағындағы туризм әлеуеті

Шалқар-Имантау курорттық аймағындағы туризм әлеуеті

Айыртау ауданындағы Шалқар-Имантау курорттық аймағы табиғи сұлулығымен ғана емес, туристік инфрақұрылымының дамуымен де ерекшеленеді. Соңғы жылдары ішкі туризмге деген қызығушылықтың артуы мұндағы демалыс орындарына деген сұранысты да күшейте түсті. Соның бірі қысқы туризм. Бәлкім ол заман талабы мен тұтынушылар талабы шығар. Алайда бұл саланың жыл 12 ай дамуы жаңа кәсіпкерлік бастамаларға жол ашып, жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуына және аудан экономикасының жандануына ықпал етуде. Бүгінде курорттық аймақтағы қос көлдің жағалауында орналасқан демалыс орталықтарының саны 40-қа жуық болса, олардың 10-ны өз келушілеріне жыл бойына қызмет көрсетеді. Ал келер жазда мұндай демалыс базаларының қатары тағы бес бірдей жаңа орталықтармен толықпақ. Қазіргі күні ол базалардың әрқайссында 10 үйден салынып жатыр. Жаңа нысандар қолданысқа енгізілгеннен соң оның кез келгенінде, әрі жылдың кез келген маусымында қалаған уақытыңда дем алуға болады. Ол үшін барлық жағдай жасалмақ. 

Табиғи ресурстардың молдығы – туристік аймақтың басты артықшылығы. Бірақ туристердің бұл жерге қайта оралуына әсер ететін факторлар мұнымен шектелмейді. Жолдың сапасы, инженерлік инфрақұрылым, қауіпсіздік, демалушыларға жасалатын қолайлы жағдай мен көрсетілетін қызмет деңгейі де маңызды. Сондықтан туристік аймақтың дамуы кешенді көзқарасты талап етеді. 

СНХ: Аманбек Махметов – Айыртау аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы

Туризмнің табысты дамуы үшін табиғаттың сұлулығы жеткіліксіз. Оны сапалы қызмет, заманауи инфрақұрылыммен және кәсіпкерлік белсенділікпен ұштастыру қажет. Табиғат аясында орналасқан демалыс орындары қонақтарға қолайлы жағдай жасауға және олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға басымдық береді. Солардың бірі – «Изумрудный» демалыс аймағы. Демалыс базасы жыл 12 ай жұмыс істейді. Табиғат аясына шығып, көңіл сергіткіңіз келсе, мұнда кез-келген уақытта сізді қарсы алуға дайын.

СНХ: Марина Воронова – демалыс базасының әкімгері

Шалқар-Имантау аймағындағы туристік қызметтің маңызды ерекшелігі – демалысты жылдың әр мезгілінде ұйымдастыруға мүмкіндіктің болуы. Келер жазда олардың қатары жаңадан ашылатын туристік базалар есебінен тағы толыға түспек. 

Табиғаты әсем Айыртау ауданында жұрт біле бермейтін тағы бір демалыс аймағы бар. Ол Лобанов ауылдық округіне қарасты Заря ауылының шетінде орналасқан Ақ көл көлі. Оның суы мен қара балшығы да мың бір дертке дауа. Бүгінде аталмыш көлдің айналасына 4 демалыс орталығы орналасыпты. Соның бірі «Заря» демалыс базасы. Демалыс орталығының өз жұмысын бастағанына үш жыл. Осы аралықта бүгінде өздерінің тұрақты клиенттер базасы қалыптасқан. Оның үстіне демалыс базасы келушілерге жыл 12 ай қызмет көрсетуге дайын.

СНХ: Ғалым Әйтенов – демалыс базасы басшысы

Қысқы демалыс – тек қарлы табиғатты тамашалау емес. Бұл – таза ауада серуендеу, спортпен айналысу, отбасы мүшелерімен белсенді уақыт өткізу және салауатты өмір салтын қалыптастыру мүмкіндігі. Тұтынушылар сұранысын қанағаттандырып отырған осындай базалардың бірі Имантау көлінің жағасында орналасқан «Адель» демалыс орталығы. Жұмыстары клиенттерге жыл 12 ай қызмет көрсетуге бағытталған. 

СНХ: Толқын Бектемірова – демалыс базасының әкімшісі 

Курорттық аймаққа жаз мезгілінде келушілердің саны артатыны белгілі. Ал қысқы туризмді дамыту туристік бизнестің жыл бойы тұрақты жұмыс істеуіне жол ашады. Сонымен қатар туризмнің дамуы табиғи мұраны сақтау, экологиялық жауапкершілік, тазалық, қауіпсіздік және табиғи ресурстарды ұқыпты пайдаланудың негізі болады. 

СНХ: Аманбек Махметов – Айыртау аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы

Демек, туризм табиғат пен экономиканы, кәсіпкерлік пен қызмет көрсету саласын бір арнаға тоғыстыратын бағыт. Ал Шалқар-Имантау курорттық аймағының дамуы өңірімізді жаңа қырынан таныстыруға жол ашады. 


Бөлісу