Негізгі Жаңалықтар Ұлттық лига «Қуаныш» волейбол клубы кезекті қарсыласын ойсырата ұтты

Ұлттық лига «Қуаныш» волейбол клубы кезекті қарсыласын ойсырата ұтты

Волейболдан әйелдер командалары арасындағы Қазақстан Республикасының 35-ші чемпионаты аясындағы Ұлттық лиганың 2-туры өтті. Ел біріншілігінің бұл кезеңі 15 қазанда басталған болатын. Турнирдің алғашқы күнінде алаң иелері павлодарлық «Ертісті» ұтып, жеңісті қанжығасына байлады. 16 қазанда қос ұжым екінші күндік ойын аясында алаңда қайта жүздесті.

ДАСТАН ӘБІЛМӘЖІНОВ – ТІЛШІ: 

-Кеше ғана қаламыздың «Қуаныш» құрамасы Павлодардан келген «Ертіс» командасын 3:1 жалпы есебінде қарсыластың мықты шабуылдарына қарамастан бірінші күндік ойында жеңісті өзіне аударған еді. Ал бүгінгі өтіп жатқан екінші күндік ойын аясында «QUANYSH» пен «ERTIS» командалары алаңда қайта кездесті. Текетірес бәсекелестікте қай топ сеттің нүктесін қояды? Ойын барысын менімен бірге бақылап, арнамыздан ауыспаңыздар.

Ойын «Қуаныштың» қарқынды шабуылдарымен басталғанымен, «Ертіс» қорғаныста жинақы ойын өрнегін көрсетті. Жерлестеріміздің жойқын соққысынан кейін павлодарлықтар тойтарыс бергенімен, «Қуаныштың» 18-нөмірлі байланыстырушысы Мила Джорджевич допты Альфонсо Бенитеске дәл бағыттап, бірінші партияның алғашқы ұпайын өз қоржындарына салды.

Бірінші партияның соңына қарай «Ертістің» корғанысы мен шабуылы күшейіп, тартыс қыза түсті. Сет аяқталар тұста «Қуаныштың» 6-нөмірлі ойыншысы Юлия Конотопова мен қарсылас команданың 14-нөмірлі волейболшысы Зинат Гиёсова арасында тор үстінде даулы сәт туындап, төрешілер ұпайды «Ертіске» есептеді.

Шиеленісті сәтте екі соққы жіберіп алса да, «Қуаныштың» 88-нөмірлі ойыншысы Сабина Хуснуддинова үшінші допты қайтарып, оны 8-нөмірдегі Татьяна Костинаға шебер жеткізді. Костина өз кезегінде соққыны сәтті аяқтап, бірінші партияны 25:18 есебімен «Қуаныштың» пайдасына шешті. Жалпы есеп 1:0

Алғашқы партияда қос ұжым тең дәрежеде өнер көрсеткенімен, алаң иелері тізгінді өз қолына алды. Екінші партияда «Қуаныш» допты аутқа жіберіп, алғашқы ұпайды қонақтарға сыйлағанымен, кейін қарқынын қайта үдетіп, жойқын соққыларымен басымдықты қайтарып алды.

 Қос тарап таразы басын біресе өзіне, біресе қарсыласқа аударып, ойын біраз құбылды. Екінші партияда «Ертіс» сапқа тұрып, шабуылдары нәтиже бере бастағандай болды, ал алаң иелерінің қорғанысы сәл босаңсыды.

«Қуаныш» тарапынан доп беру кезінде торға тигізіп алу сияқты тактикалық қателіктер жиілеп кетті. Тіпті партия соңына қарай ұпай айырмашылығы 24:19 болып, павлодарлықтарда жеңіске деген үміт пайда болды. Қайта орын алған сетбол сәтінде «Ертіс» ойыншысы Светлана Раскулова допты торға тигізіп алып, қателік жіберді. Осылайша, құбылмалы өткен екінші сет те 25:19 есебімен «Қуаныштың» жеңісімен аяқталды. Жалпы есеп 2:0.

 «Қуаныштың» екі сет бойы жеңіске жеткеніне қарамастан, қос команда тең дәрежеде өнер көрсетті. Үшінші партияда «Ертіс» қайта ұпай жинай бастағанымен, алаң иелері де қалыс қалмай, іле-шала есепті теңестірді. 

 Тікелей шабуылдардың арқасында «Қуаныш» есеп айырмасын бірден 15 ұпайға жеткізді. Шешуші матч-поинт сәтінде қарсыластың допты дұрыс бермеу қателігін тиімді пайдаланған петропавлдықтар бұл сетті 25:9 есебімен аяқтап, кездесудің нүктесін қойды. Жалпы есеп 3:0.

Қазіргі таңда «Қуаныш» турнир кестесінде тек Шығыс Қазақстан облысының «Берел» мен Талдықорғанның «Жетісу» командаларына ғана жол беріп, үздік үштікке еніп отыр. Енді «Қуаныш» пен «Жетісу» Ұлттық лиганың үшінші туры аясында 27-28 қазан күндері дәл осындай екі күндік кездесуде жүздесетін болады.



Бөлісу