Петропавл тұрғыны 3 миллион теңгесінен айырыла жаздады
Петропавлда полицейдің қырағылығы арқасында жергілікті тұрғын 3 миллион теңгесін аман сақтап қалды. Сауда үйлерінің бірінде банкомат алдында телефонмен қобалжып сөйлесіп тұрған слесарьды тәртіп сақшысы байқап қалған. Алаяқтардың арбауына түсіп, өз еркімен ақша аудармақ болған азаматты полиция аға лейтенанты қалай тоқтатып үлгерді? Сюжеттен көрейік...
Облыс орталығының тағы бір тұроғыны интернет алаяқтықтың құрбаны бола жаздады. Петропавлдағы сауда үйлерінің бірінде, банкоматтардың жанында полицияның аға лейтенанты Еркебұлан Құрбаниязов телефонмен үздіксіз сөйлесіп, қатты қобалжып тұрған ер адамды байқайды.
СНХР: Еркебұлан Құрбаниязов — СҚО ПД арнайы жедел әрекет ету жасағының инспекторы
Еркебұлан қызметтік куәлігін көрсетіп, ер адамға телефонның ар жағында алаяқтар болуы мүмкін екенін ескертті. Алайда қала тұрғыны полицейдің сөзіне құлақ асқысы келмеді. Алаяқтар құрбандарына үнемі алдын ала нұсқау береді: «Егер біреу сізді тоқтатуға тырысса, сенбеңіз». Олар – сіздің атыңызға несие рәсімдегісі келетін қылмыскерлер», дейді. Еркебұланның табандылығының арқасында ғана ер адамды райынан қайтарып, ақшасынан айырылып қалудан сақтап қалу мүмкін болды.
СНХР: Еркебұлан Құрбаниязов — СҚО ПД арнайы жедел әрекет ету жасағының инспекторы
Слесарь болып жұмыс істейтін 49 жастағы ер адам алаяқтардың қалай алдағанын айтып берді. Әуелі оған телефон қоңырауы түскен. Автоматты дауыс электрондық цифрлық қолтаңбасының қолданылу мерзімі аяқталып келе жатқанын айтып, оны ұзарту үшін «1» санын басуды ұсынған. Артынша банк қызметкері болып таныстырған адам қоңырау шалған. Ол ер адамнан неліктен «1» санын басқанын сұрап, енді оның атына несие рәсімделіп жатқанын айтқан. Алаяқтар мәселені шешу үшін несие рәсімдеп, ақшаны «қауіпсіз шотқа» аудару қажеттігіне сендірген.
Еркебұлан Құрбаниязов Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің арнайы жедел әрекет ету жасағында қызмет етеді. Жасақ офицерлері интернет-алаяқтықтың алдын алу үшін сауда үйлерінде күн сайын кезекшілік атқарады. Соңғы екі аптада олар петропавлдықтарды кибералаяқтардан төртінші рет сақтап қалды.