Негізгі Жаңалықтар «Даму» қоры кәсіпкерлерге қолдау көрсетеді

«Даму» қоры кәсіпкерлерге қолдау көрсетеді

«Даму» қоры жергілікті кәсіпкерлерге қолдау көрсетуді жалғастырып келеді. Өңірлік филиал өкілдері бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап баспасөз турын ұйымдастырды. Журналистерге Солтүстік Қазақстан облысында жүзеге асырылып жатқан жобалар таныстырылды. Мемлекеттік қолдау тетіктері қалай жұмыс істейді және олар өңір кәсіпорындарына қандай нәтиже беріп отыр? Толығырақ келесі материалда.

 «Даму» қоры мемлекеттік қолдауды үш негізгі қаржылық құрал арқылы жүзеге асырады. Олар – жеңілдетілген қаржыландыру, кепілдік беру және несие бойынша пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау. Биыл Солтүстік Қазақстан облысындағы кәсіпкерлерді осы үш бағыт бойынша қолдау көлемін 2,5 (екі жарым) триллион теңгеге жеткізу жоспарланған.

СЕРІКБЕК САРЖАН – «ДАМУ» КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ ҚОРЫ» АҚ ӨҢІРЛІК ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ 

Қызылжар ауданының Бескөл ауылындағы «Молсервис» серіктестігі сүт өнімдерін өндірумен айналысады. Кәсіпорын өнімдерінің түрі 30-ға жуықтайды. Жуырда мұнда сары май мен сүзбе өнімдерін шығаратын жаңа цех ашылды. Кәсіпорында 120-ға жуық адам еңбек етеді. Өндіріс алаңын кеңейтуге жеңілдетілген несие беру бағдарламасы мүмкіндік берген.

ҒАЛИБЕК РАМАЗАНОВ – СЕРІКТЕСТІК ДИРЕКТОРЫ

«RM STONE» кәсіпорны 2018 жылдан бері металл өңдеу, шойын құю және жүк көтергіш жабдықтар өндіру саласында жұмыс істейді. Компания крандармен қатар, қалалық инфрақұрылымға арналған шамдар, орындықтар, қоқыс жәшіктері және басқа да бұйымдар шығарады. Бескөл ауылында өндірілген өнімдер негізінен Қазақстанның өзге өңірлеріне жеткізіледі. Кәсіпорын бизнесті дамыту үшін мемлекеттік қолдаудың үш тетігін пайдаланған. Олар – субсидиялау, жеңілдетілген несие беру және кепілдік ұсыну. Тартылған қаражат материалдық-техникалық базаны нығайтып, өндіріс алаңын кеңейтуге мүмкіндік берген. Қазір мұнда жаңа құрастыру цехының құрылысы жүріп жатыр. Жұмыстарды қараша айында аяқтау жоспарланған.

АЗАТ ЗАЛЯЕВ – СЕРІКТЕСТІКТІҢ БАС ДИРЕКТОРЫ

«Kenzhetayev Clinic» стоматологиялық клиникасы ересектер мен балаларға қызмет көрсетеді. Алғашында клиника Аққайың ауданының орталығы Смирнов ауылында ашылған. Кейін клиника Петропавл қаласында да ашылды. Биыл кәсіпкерлер «Даму» қорының қолдауымен жаңа, ірі филиалын іске қоспақ. Заманауи ғимаратта озық жабдықтармен жарақтандырылған сегіз кабинет жұмыс істейді. Мұнда терапевт, хирург-имплантолог, ортопед және басқа да мамандар қызмет көрсетеді.

САМАЛ КЕНЖЕТАЕВА – СТОМАТОЛОГИЯЛЫҚ КЛИНИКА ЖЕТЕКШІСІ

«Даму» қоры экономиканың маңызды бағыттарына басымдық береді. Олардың қатарында импортты алмастыратын жобалар, ішкі нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету және қазақстандық кәсіпорындардың экспорттық әлеуетін дамыту бар.


Бөлісу