Жол қозғалысы қауіпсіздігі
Ауыл шаруашылығы техникасының қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында полицейлер жолдарда профилактикалық рейд жүргізді.
Егін жинау науқаны кезінде Солтүстік Қазақстан облысының жолдарында тракторлар, комбайндар мен жүк көліктерінің саны арта түседі. 13 тамызда «Жезқазған – Петропавл» автожолында «МТЗ-80» тракторымен соқтығысу салдарынан «Chevrolet» автокөлігінің екі жолаушысы зардап шекті. Осындай жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында полицейлер көлік қозғалысы қарқынды учаскелерде профилактикалық рейдтер өткізуде.
Құқық қорғау органдары ауыл шаруашылығы және жүк көліктерінің жүргізушілеріне қауіпсіздік талаптарын еске салады. Әсіресе габаритті техника тасымалдауға ерекше назар аударылады. Оны тасымалдау үшін тиісті органдардың рұқсаты қажет, ал кейбір жағдайларда ілесіп жүру ұйымдастырылады. Техника тіркемелер мен арнайы платформалар арқылы тасымалданған кезде оны берік бекітіп, сары түсті жарқылдауық маякты пайдалану қажет. Бұл әсіресе көріну нашар болған жағдайда маңызды.
СНХР: Саят Дүйсенбин – СҚО ПД патрульдік полиция батальонының взвод командирі
Әсіресе егін жинау жұмыстары жүргізіліп жатқан және ауыл шаруашылығы техникасы жолдың жүріс бөлігіне шығатын учаскелерде белгіленген жылдамдықты, арақашықтықты сақтау маңызды. Тасымалданатын жүк – астық және басқа да өнімдер – берік бекітілуі тиіс. Жолға шашылған астық қозғалыстың басқа қатысушыларына қауіп төндіреді.
Полицейлер шаруашылық басшыларын техниканың жарамдылығын алдын ала тексеріп, барлық талаптарды сақтай отырып тасымалдауды ұйымдастыруға шақырады. Егін жинау науқаны кезінде жол қозғалысының қауіпсіздігі мен адам өмірі әр жүргізушінің жауапкершілігіне тікелей байланысты.