СҚО жолдарында мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды
Өңірде үш күндік «Қауіпсіз жол» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы өтті. Рейдтер барысында Солтүстік Қазақстан облысының жолдарында үш күн ішінде полицейлер дрондар, патрульдер мен камералардың арқасында мыңнан астам құқық бұзушылықты анықтады.
Солтүстік Қазақстанда жүргізушілер көбіне жолаушылар мен жүктерді тасымалдау талаптарын, қауіпсіздік белдігін тағу немесе мотошлем пайдалану ережелерін бұзады. Үш күн ішінде полицейлер осындай 340 фактіні анықтады. Оның 37-сінде жүргізушілер балалардың қауіпсіздігін елемей, оларды арнайы балаларды ұстап тұратын құрылғыларсыз тасымалдаған. Ал жыл басынан бері облыста болған түрлі жол-көлік оқиғаларынан 414 адам зардап шексе, олардың 90-ы – кәмелетке толмағандар. 12 тамызда аяқталған үш күндік «Қауіпсіз жол» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталды.
Патрульдеумен қатар бейнебақылау деректері, оның ішінде дрондар арқылы алынған мәліметтер де пайдаланылды. Полицияның ұшқышсыз ұшу аппараттары қала сыртындағы тас жолдарда және Петропавл көшелеріндегі қозғалысты бақылауға мүмкіндік берді. Айта кетейік, бейнетіркеу көбіне көлік жүргізу кезінде телефон пайдаланатын жүргізушілерді анықтауға көмектеседі. Үш күн ішінде тәртіп сақшылары мұндай 197 фактіні анықтады, оның 70-і облыс орталығында тіркелді. Құқық бұзушылықтарды анықтаумен қатар жүргізушілерге түсіндіру жұмыстары да жүргізілді.
СНХР: Саят Дүйсенбин – СҚО ПД патрульдік полиция батальонының взвод командирі
Жедел-профилактикалық іс-шара барысында барлығы 1132 жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі анықталды. Олардың арасында 14 жүргізушінің көлікті мас күйінде басқаруы және 7 жүргізушінің қарсы қозғалыс жолағына шығуы сияқты өрескел құқық бұзушылықтар бар. Полицейлер «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы аясында өрескел құқық бұзушылықтарды анықтау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмысты тұрақты түрде жалғастыруда.