Негізгі Жаңалықтар СҚО-да сумен жабдықтау жүйесін жақсартуға 2,7 млрд теңге бөлінді

СҚО-да сумен жабдықтау жүйесін жақсартуға 2,7 млрд теңге бөлінді

Солтүстік Қазақстан облысында Преснов және Соколов топтық су құбырларын қайта жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл жобалар іске асқаннан кейін ондаған елді мекеннің сумен қамту жүйесі жақсарады. Жұмыстарды аяқтауға Арнаулы мемлекеттік қордан шамамен 2,7 млрд теңге бөлінді.

Мемлекетке қайтарылған активтер есебінен еліміз бойынша әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының құрылысы мен жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Үкімет бөлген қаражат Преснов топтық су құбырын қайта жаңғыртуға бағытталып, нәтижесінде Есіл, Мамлют және Жамбыл аудандарындағы 43 елді мекеннің сумен жабдықтау сапасы жақсарады. Бұл жоба 34,5 мыңнан астам тұрғынды қамтиды.Қазіргі уақытта мамандар 171 шақырым магистральдық су құбыры мен тарту желілерін, сондай-ақ 46 шақырым ауылішілік су желілерін төседі. Бұдан бөлек, суды жинақтау, тарату және қысымды тұрақты ұстап тұратын реттеу нысандарын жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал Соколов топтық су құбырын қайта жаңарту жобасы Қызылжар ауданындағы 10 ауылды қамтиды. Бұл елді мекендерде 4 мыңнан астам адам тұрады. Жоба аясында 59 шақырым тарту желісі мен 77 шақырым ауылішілік су желісін салу жоспарланған.


Бөлісу