Өрт сөндіруші қызметі: секундтармен өлшенетін жұмыс
Дабыл қағылған кезде өрт сөндірушілердің ұзақ дайындалуға уақыты жоқ. Мұнда әр секундтың маңызы зор. Өйткені олардың іс-қимылының нақтылығы тек мүліктің сақталуына ғана емес, адам өміріне де байланысты. Алайда мұндай дайындықтың артында - жылдар бойғы тынымсыз еңбек жатыр. Осы салада 13 жыл қызмет етіп келе жатқан бөлімше командирі Талғат Букунев бұл қызмет батылдықты, сабырлылықты талап етеді дейді.
№1 өрт сөндіру бөлімі — Петропавлдағы ең көне бөлімшелердің бірі. Дәл осы жерде бөлімше командирі Талғат БукУнев 13 жылдан бері еңбек етіп келеді. Осы уақыт ішінде ол жас маманнан тәжірибелі өрт сөндірушіге дейінгі жолдан өтті. Бүгінде бұл бөлімше ол үшін жай ғана жұмыс орны емес, нағыз ұжым әрі екінші отбасындай. Бөлімшенің тарихы да терең. Тіпті, бір кездері өртпен күресуге ат жегілген арбалармен шыққан. Ал бүгінде өрт сөндірушілердің қолында заманауи техника мен қажетті құрал-жабдықтар бар. Дегенмен басты міндет - адамдарды құтқару және қаланы өрттен қорғау.
СНХР: ТАЛҒАТ БУКУНЕВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ №1 МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІНІҢ БӨЛІМШЕ КОМАНДИРІ
Өрт шыққан жерге бармас бұрын өрт сөндіруші физикалық тұрғыдан да, техникалық жағынан да дайын болуы керек. Жауынгерлік киім - жай ғана форма емес. Оның әрбір элементі құтқарушыны қорғайды және қарапайым адамның бара алмайтын жерінде жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Ал барлық қажетті жабдықты санаулы секундта киіп үлгеру керек. Сондай-ақ, қызметтің едәуір бөлігі практикалық жаттығуларға арналған. Өрт сөндіру жеңін тарту, су беру, оқпанмен жұмыс істеу немесе биіктікке көтерілу — барлығы жылдам әрі үйлесімді орындалуы тиіс. Әр жаттығудың артында қарапайым ғана мақсат тұр - кезекшіліктен аман-есен оралу және өрттен адамдарды аман сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасау. Себебі, бір ғана қателіктің құны тым қымбат болуы мүмкін.
СНХР: ТАЛҒАТ БУКУНЕВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ №1 МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІНІҢ БӨЛІМШЕ КОМАНДИРІ
Біреулер үшін өрт сөндіру бөлімі - ауысымға келіп, қызмет атқаратын орын. Ал Талғат Букунев үшін бұл - өмірінің 13 жылы өткен мекен. Осында ол ең күрделі шақыртуларды бастан өткерді, командаға сенуді үйренді және өзі жас өрт сөндірушілерге тәлімгер болды. Дабылға әр шыққан сайын оны алда не күтіп тұрғанын ешкім білмейді. Бірақ бір нәрсе анық: адамды құтқаруға мүмкіндік бар болса - соңына дейін бару керек. Өйткені әр есіктің ар жағында құтқарып қалуға болатын бір адамның өмірі болуы мүмкін.