СҚО-да егін орағы басталды
Солтүстік Қазақстан облысында егін орағы науқаны басталып кетті. Биыл ауа температурасының жоғары болуына байланысты дәнді дақылдар ертерек пісіп, шаруалар дала жұмыстарына кірісті. Сонымен қатар орақ науқаны кезінде ауа райы құбылмалы болады деп күтілуде.
Тамыз айында жылы ауа райы сақталады: кей күндері ауа температурасы +35…+38 градусқа дейін көтеріледі. Айдың екінші жартысында қысқа мерзімді жаңбыр, найзағай және екпінді жел күтіледі, кей жерлерде бұршақ жаууы ықтимал. Қыркүйекте ауа температурасы біртіндеп төмендеп, жауын-шашын мөлшерінің артуы болжанады. Ай соңына қарай жекелеген аудандарда түнгі алғашқы үсіктер болуы ықтимал. Қазанда күн суыта түседі — ауа температурасы нөлден төмендеп, қар аралас жаңбыр жаууы мүмкін. Синоптиктердің айтуынша, жалпы ауа райы жағдайы егін орағы науқанын оңтайлы мерзімде өткізуге мүмкіндік береді.