Қауіпсіз егін орағы науқаны
Егін орағы науқаны кезiнде Солтүстік Қазақстан облысы ТЖД қызметкерлері ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен түсіндіру жұмыстарын күшейтті. Өрттің алдын алу мақсатында аграрийлермен 89 кездесу өтіп, 1 753 адам қамтылды. Сондай-ақ 6 мыңнан астам нұсқау жұмыстары жүргізіліп, оған 18 мыңға жуық адам қатысты.
Бұдан бөлек, табиғи өрттерді сөндіру бойынша 16 бірлескен оқу-жаттығу жиыны өткізілді. Бұл егін жинау кезеңінде тиісті қызметтер мен шаруа қожалықтарының төтенше жағдайларға дайындығын арттыруға бағытталған. Ауыл шаруашылығы техникасын пайдалану, егін жинауды ұйымдастыру және өрт шыққан жағдайдағы іс-қимылдар кезіндегі өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіруге ерекше көңіл бөлінуде. ТЖМ мамандары егін оруды бастамас бұрын алқаптардың айналасын уақытылы шауып, минералды жолақтармен жырту қажеттігін ескертеді. Тағы бір талап техниканы жарамды өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз ету, сондай-ақ егін қалдықтарын жағуға және алқаптарда от жағуға жол бермеу. Өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау ғана өнімді аман сақтап, төтенше жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.