Туризмді дамыту – өңірді дамытудың тиімді жолы
Туризмді дамыту – өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырудың тиімді жолы. Сонымен қатар, бұл өңірдің табиғи сұлулығы мен ұлттық құндылықтарын кеңінен насихаттауға жол ашады. Бүгінде аймақта жаңа тың жобалар жүзеге асырылып, туризм саласы даму үстінде. Айта кетейік, биылғы жылдың 1-ші тоқсанында облысқа 25,8 мың турист келген.
Табиғаттың әсем құшағында орын тепкен, жан мен тәнге ерекше тыныштық сыйлайтын «Имантау» демалыс аймағы 2019 жылы ашылған. Мұнда келген әрбір демалушының көңілді де жайлы уақыт өткізуі үшін қажетті жағдайлардың барлығы жасалған. Жазғы маусым кезінде нысанға тәулігіне 80-нен астам турист келеді.
СНХ: ГАЛИНА АИПОВА, ДЕМАЛЫС АЙМАҒЫНЫҢ ӘКІМГЕРІ
Әсем табиғатымен көз тартатын Имантау жағалауы тек жайлы демалыс орны ғана емес, сонымен қатар нағыз спорт пен шынығу орталығына айналып отыр. Бұл жерде Солтүстік Қазақстан облысының Желкенді спорт федерациясы табысты жұмыс істеп, өңірде осы спорт түрін дамытуға сүбелі үлес қосып келеді. Жаз мезгілі туысымен мұнда балалар мен ересектер келіп, тәжірибелі бапкерлердің жетекшілігімен желкенді спорттың қыр-сырын терең меңгеріп, толқынмен сырласуды үйренеді.
СНХ: ЖАНАТ ОМАРОВ, "СҚО ЖЕЛКЕНДІ СПОРТ ФЕДЕРАЦИЯСЫ" ҚБ ПРЕЗИДЕНТІ
Айыртау ауданындағы көз тартарлық көрікті орындардың қатары тек қана табиғат аясындағы демалыспен шектелмейді. Мұнда қазақы дәстүр мен ұлттық құндылықтарды дәріптейтін ерекше демалыс орны да жұмыс істейді. Атап айтқанда, Имантаудың етегінде тігілген қазақтың киіз үйлері келушілерге ұлттық нақыштағы шынайы атмосфера сыйлап, өңірдің туристік әлеуетін маңызды қырынан танытып отыр.
СНХ: СҰЛТАНБЕК КҮМІСБЕК, ДЕМАЛЫС АЙМАҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Ал, Ақкөл жағалауындағы демалыс орны 2023 жылы өз жұмысын бастаған болатын. Ол көл жағалауынан 200 метр жерде орналасқан. 3 жыл ішінде бұл нысан туристердің сүйікті аймағына айналып үлгерді. Ерекшелігі демалыс аймағына адамдар тек демалу үшін ғана емес, ем алу үшін де келеді.
СНХ: БАЛЫШ БАЙБАЗАРОВА, ДЕМАЛЫС АЙМАҒЫНЫҢ ӘКІМГЕРІ
Ауданда туризм саласы жыл сайын қарқынды дамып, бұл өз кезегінде келушілер тарапынан сапалы қызмет көрсетуге деген сұраныстың артуына айтарлықтай септігін тигізіп отыр. Осындай игі бастаманы қолға алған Тоқпановтар отбасы жеке кәсібін ашып, бұл бағытты өз ісіне деген жауапкершілікпен дөңгелетіп, табысты жұмыс істетуде.
СНХ: ИНДИРА ЖӘНЕ РУСТАМ ТОҚПАНОВТАР, ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛЕР
Имантау-Шалқар курорттық зонасында да жыл сайын жаңа демалыс базалары бой көтеріп жатыр. Қазіргі уақытта жалпы инвестиция көлемі 3,3 млрд теңгені құрайтын 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде жыл бойы жұмыс істейтін заманауи эко-қонақүйлер мен глэмпингтер салу жобалары бар. Жобаларды іске асыру мерзімі — 2026–2027 жылдар аралығында деп жоспарланып отыр.
СНХ: ДАМИР НЕТАЛИЕВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ ТУРИЗМ ЖӘНЕ ЛИЦЕНЗИЯЛАУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
«Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мәліметінше, биыл қаңтар-шілде айлары аралығында Имантау-Шалқар курорттық аймағына 195 мыңнан астам турист келген.