Облыстық полиция департаменті жол-көлік оқиғалары ең жиі орын алатын уақыт пен апта күндерін жариялады. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығына жасалған талдау көрсеткендей, апаттардың көбі түс пен кешкі мезгіл аралығында яғни сағат 16:00 мен 20:00 арасында болады. 

 Алты айдың ішінде өңірде 236 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 2,5 пайызға аз. Алайда, жалпы апат саны азайғанымен, қаза тапқандар 16-дан 23 адамға дейін көбейген. Ал жарақат алғандар саны 330-дан 338-ге өсті. Жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі жүргізушілердің кінәсінен орын алып отыр. Жарты жылда осындай 226 апат тіркеліп, көрсеткіш 6,6 пайызға артты. Бұл оқиғалардан 23 адам көз жұмса, өткен жылы 15, зардап шеккендер саны 293-тен 327-ге дейін өскен. Жаяу жүргіншілерді қағып кету деректері де жиілеп, 69-дан 81-ге дейін көбейді. Дегенмен қаза тапқандар саны 4-тен 2 адамға азайғанымен, жарақат алғандар 69-дан 84-ке артты. Балалардың қатысуымен болған жол апаттарының көрсеткіші өзгерген жоқ. Биыл 55 жағдай тіркелді. Республикалық маңызы бар жолдарда 39 апат орын алды, бұл өткен жылғы көрсеткіштен төмен. Алайда бұл жолдардағы адам өлімі 11-ден 18-ге дейін өсіп отыр. Осыған байланысты тәртіп сақшылары жол қозғалысына қатысушыларды қарбалас сәттерде аса мұқият болуға, жылдамдық режимін сақтауға және Жол жүрісі ережелерін қатаң сақтауға шақырады.