Петропавлда 11-16 шілде аралығында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Бұл науқанның басты мақсаты - теміржол нысандарында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жолаушылардың өмірін қорғау. Іс-шараның алғашқы бес күнінде 11 әкімшілік хаттама толтырылды. 

Петропавл станциясындағы көліктегі полиция бөлімінің қызметкерлері жыл басынан 1756 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Өкінішке қарай, қарапайым сақтық ережелерін елемеудің соңы орны толмас қайғыға әкеліп соғып жатады. Мәселен, биыл теміржол көлігінде бір адамның өмірін қиған қайғылы жағдай тіркелді. Осыған байланысты полицейлер адамдарды қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.