Жазғы демалыс кезеңінде Солтүстік Қазақстан облысының ювеналды полиция қызметкерлері профилактикалық жұмыстарды күшейтті. Инспекторлар күн сайын кешкі рейдтер өткізіп, қоғамдық орындарды тексереді және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударады.
Жазғы демалыс қызған шақта жасөспірімдерді түрлі келеңсіз жағдайлардан қорғау мақсатында кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар күн сайын Петропавл қаласы және облыс бойынша көшелерді, аулаларды және өзге де қоғамдық орындарды патрульдейді. Рейд барысында олар түнгі уақытта заңды өкілдерінің қарауынсыз жүрген балаларды анықтайды. Сонымен қатар тұрмыстық жанжалдар орын алған және кәмелетке толмаған балалар тәрбиеленіп жатқан отбасылар да тексеріледі. Полиция қызметкерлері олардың тұрмыс жағдайын зерделеп, ата-аналармен профилактикалық әңгіме жүргізеді және құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын қабылдайды.
Тек сәрсенбіден бейсенбіге қараған түні ғана Петропавлда тоғыз әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның сегізінде жасөспірімдер түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз көшеде жүрген болса, тағы бір жағдайда ата-аналар баланы тәрбиелеу және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін орындамаған. Полиция департаментінің профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасы қызметкерлерінің айтуынша, тұрақты рейдтер құқық бұзушылықтардың алдын алуға және «Заң мен Тәртіп» қағидатын нығайтуға ықпал етеді.
СНХР: АЙНАГҮЛ САУЫТБЕКОВА – СҚО ПД ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ЖҰМЫСТЫ ҮЙЛЕСТІРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ИНСПЕКТОРЫ
Жыл басынан бері тек Петропавл қаласының өзінде Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабы бойынша 222 адам, ал 442-бабы бойынша тағы 459 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Профилактикалық жұмыс ерекше бақылауда және жаңа оқу жылы басталғанға дейін жалғасады.