Петропавл қаласындағы қазіргі заманғы қоғамдық демалыс аймақтарының бірі – Пёстрое көлінің аумағында орналасқан Қызылжар экосаябағы. Бүгінде бұл жер отбасымен тынығатын және таза ауада серуендегенді ұнататын жандардың жиі баратын орнына айналып келеді. Мұнда отбасымен демалысқа, спортпен шұғылдануға әрі табиғат аясында тынығуға барлық мүмкіндік қарастырылған.
Уақыт өте келе экосаябақта бос уақытын өткізетін қала тұрғындарының қатары көбейіп келеді. Жаяу жүруге арналған жолақтар, балалар ойын алаңдары демалыс аймақтары және әсем табиғи көріністер келушілердің көңілінен шығуда. Петропавл қаласының тұрғындары мен қонақтары экопарк жайлы өз пікірлерімен бөлісуде. Көпшілік табиғаттың көркем келбетін тамашалап, қаланың қарбалас тіршілігінен алшақта тынығуды жөн көреді.