Петропавл қалалық полиция басқармасында криминалист Дариға Байтеңізова бір жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді. Алайда кәсіби рұқсаттар саны бойынша ол қазірдің өзінде көптеген әріптестерінен озып тұр. Криминалистикалық зерттеулердің сегіз бағытының алтауы бойынша жұмыс істеуге рұқсаты бар.
Дариғаны полиция қызметіне бала күнгі адамдарға көмектесу, әділдікті қалпына келтіру арманы жетелеп әкелді. ҚР ІІМ Барымбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында оқытушылар оның үлкен әлеуетін байқап, криминалистикалық зерттеулердің барлық түріне үйретті. Солардың ішінде тәжірибеде ең көп сұранысқа ие бағыт — дактилоскопиялық зерттеулер. Мәселен, қоғамның наразылығын тудырған мешіт киімжайындағы ұрлықтар осындай жұмыстың арқасында ашылды. Оқиға орнынан табылған қол іздерінің арасынан Дариға Ақмола облысында ІІМ деректер базасына енгізілген қыздың саусақ іздерін анықтады. Осы мәліметтердің көмегімен полицейлер күдіктіні қысқа мерзімде анықтады.
Дариға Байтеңізова — Петропавл қ. ПБ криминалисі
Аптасына бір-екі рет Дариға тергеу-жедел тобының құрамында тәуліктік кезекшілікке түседі. Жұмыс кестесі қаншалықты тығыз болса да, ол анасына хабарласуға әрдайым уақыт табады. Түнде мәйіттен саусақ іздерін алу немесе мас күйіндегі жанжал кезінде қолданылған пышақты айғақ ретінде тәркілеу қажет болуы мүмкін. Бірақ анасының алаңдамағанын қалайтын Дариғаның дауысы әрдайым сергек шығады.
Криминалистердің еңбегі көп жағдайда көзге көріне бермейді. Алайда дәл осы жұмыс қылмысты ашуға бастайтын алғашқы қадамдардың бірі болып саналады. Полиция лейтенанты Байтеңізова бұл қызметті мақтан тұтады. Өйткені оның еңбегі адамдарды қорғауға, қоғамдағы Заң мен Тәртіпті нығайтуға нақты үлес қосады