Солтүстік Қазақстан облысында агроөнеркәсіп кешеніндегі жұмыстар жалғасуда. Өңірде егіс науқанының негізгі кезеңдері аяқталып, бүгінде диқандардың назары егістіктің жай-күйі мен болашақ өнімді қорғауға аударылған. Биыл облыстағы егіс алқабының көлемі 4,3 миллион гектарды құрады.

Облыста егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру жұмыстары жалғасуда. Дәнді дақылдар алқабы 100 мың гектарға қысқартылып, 2,9 миллион гектарды құрады. Бұл ретте табыстылығы жоғары бағыттардың үлесі артып келеді. Мәселен, майлы дақылдар екінші жыл қатарынан 1 миллион гектар жерге егілді. Мал азық дақылдары 405 мың гектар алқапқа орналастырылса, картоп пен көкөніс егілетін жер көлемі өткен жылғы деңгейде сақталып, тиісінше 8,6 мың және 1,4 мың гектарды құрады. Қазіргі таңда егістіктердің жағдайы жақсы және болашақ өнімнің негізін қалыптастыруда. Сонымен қатар өңірде фитосанитарлық қорғау шаралары белсенді жүргізілуде. Арамшөптерге қарсы 516,8 мың гектар, зиянкестерге қарсы 293,4 мың гектар және өсімдік ауруларына қарсы 189,5 мың гектар алқап өңделді. Барлық шаралар өнімділікті сақтауға және алдағы орақ науқанына дайындықты қамтамасыз етуге бағытталған.