Петропавл қаласындағы Ислам мәдениеті музейінде «Күлтөбе қалажұрты: көне Түркістан тарихының бастауы» атты көшпелі көрме ашылды. «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы ұйымдастырған бұл іс-шараның мақсаты Ұлы дала өркениеті мен көне қалалық мәдениеттің қалыптасуында айрықша орны бар Күлтөбе қалажұртының археологиялық маңызын кеңінен насихаттау.
Көрмені тамашалауға келген солтүстікқазақстандықтар Күлтөбе қалажұртының көне жәдігерлеріне үлкен қызығушылық танытты. Соңғы жылдары жүргізілген ғылыми зерттеулер бұл өңірде қала мәдениетінің бірнеше мыңжылдықтар бұрын қалыптаса бастағанын дәлелдеп отыр. Мұнда жиналған археологиялық олжалар ежелгі тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі мен рухани дүниесінен сыр шертеді. Көрменің салтанатты ашылуына жергілікті зиялы қауым, тарихшылар мен қала тұрғындары жиналды.
ӘЛИЯ ХАЙМОЛДИНА, «АБЫЛАЙ ХАН РЕЗИДЕНЦИЯСЫ» МУЗЕЙ КЕШЕНІНІҢ ТАРИХ БӨЛІМІ МЕҢГЕРУШІСІ:
Экспозицияға Күлтөбе аумағынан табылған бірегей археологиялық жәдігерлер, ғылыми реконструкциялар мен фотоматериалдар қойылған. Көрменің ең басты құндылықтарының бірі - біздің заманымыздың 2 ғасырына жататын, Кушан мемлекетінің билеушісі Хувишка 1 тұсында соғылған тиын. Сондай-ақ, мұнда 14-15 ғасырлардағы кәріз құбырлары, Келушілер назарына Түркістанның қазақ хандарының астанасы болғанын айғақтайтын Жәңгір хан дәуірінің тиыны мен 17-18 ғасырларға жататын балалар ойыншықтары ұсынылды.
ҚУАНЫШ ЫСҚАҚ, «ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» ҰЛТТЫҚ ТАРИХИ- МӘДЕНИ МУЗЕЙ-ҚОРЫҒЫНЫҢ КӨРМЕ ҰЙЫМДАСТЫРУ МАМАНЫ:
Ұлттық тарихи-мәдени мұраны сақтау мен дәріптеуді көздейтін бұл бірегей жоба аясындағы көрме Петропавлда 22 тамызға дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында қала тұрғындары мен қонақтары көне Түркістан өңірінің сан ғасырлық тарихымен және құнды экспонаттарымен жақыннан таныса алады. Кейін, көшпелі көрме Ұлытау облысы мен Тараз қаласында жалғасын таппақ.