Отан қорғаушылар күніне орай қаланың бас алаңында мерекелік іс-шара өтті. Салтанатты бағдарлама, патриоттық рухтағы қойылымдар мен шығармашылық нөмірлер бірлік пен құрмет атмосферасын қалыптастырды. Сонымен қатар, облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов полиция қызметкерлеріне 80 жаңа автокөліктің кілтін табыс етті.

Мерекенің басты оқиғасы - Солтүстік Қазақстан облысының полиция бөліністері мен төтенше жағдайлар қызметіне жаңа техникаларды табыстау рәсімі болды. Тәртіп сақшылары мен құтқарушыларға заманауи автокөліктер мен арнайы техникалардың кілттері берілді.

Қызметтік қолданысқа барлығы 80-ге жуық техника берілді. Оның ішінде патрульдік көліктер, жедел тапсырмаларды орындауға арналған көліктер және шалғай, жету қиын аудандарда жұмыс істеуге арналған квадроциклдар бар. Бұл техникалар шұғыл қызметтердің жеделдігі мен жұмыс тиімділігін арттырады деп күтілуде. Сонымен қоса, бұл мереке балаларға ерекше қуаныш сыйлады. Әскери техникалар көрмесі кішкентай қонақтар үшін нағыз қызық орынға айналды. Олар брондалған машиналарды тамашалап, суретке түсіп және техниканы зерттеді. Әсіресе, «Cobra II» заманауи бронеавтомобиліне қызығушылық жоғары болды.

Сондай-ақ, өңір басшысы салтанатты іс-шара барысында әскери қызметшілер мен ел қауіпсіздігін күзеткен барша азаматтарды құттықтап, олардың қызметінің маңыздылығын атап өтті. Өз сөзінде ол антына адал жауынгерлерге алғыс білдіріп, мықты денсаулық пен ашық аспан тіледі.

СНХР: ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Салтанатты іс-шара қалалық шығармашылық ұжымдардың концертімен жалғасты. Сахнада патриоттық әндер шырқалып, жылы лебіздер төгілді. Көрермендер әртістердің өнеріне дән риза болып, зор қошемет көрсетті. Әсіресе жылдам қимылдайтын арнайы жасақ (СОБР) сарбаздарының көрсетілімдері мерекенің көркін аша түсті. Жауынгерлер қоян-қолтық ұрыс элементтерін, тактикалық әдістер мен құқық бұзушыларды ұстау сәттерін көрсетіп, жұртшылықты өз өнерлерімен тәнті етті.

7 мамыр мерекесі қаламызда осылайша өте ауқымды деңгейде аталып өтті. Заманауи техникалар, арнайы жасақтың өнері мен концерттік бағдарлама қала тұрғындары мен қонақтарға ерекше көңіл-күй сыйлады. .