Жеңістің 81 жылдығы қарсаңында еліміздің түкпір-түкпірінде сұрапыл соғыста жан аямай шайқасқан майдангерлердің ерлігі ұлықталуда. Петропавл қаласында да осы ретте салтанатты іс-шара ұйымдастырылып, жұртшылық 314-атқыштар дивизиясы жауынгерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Жиынға қала әкімі Серік Мұхамедиев, облыстың құрметті азаматтары, аға буын өкілдері, мектеп оқушылары мен бүлдіршіндер қатысып, батырлар рухына тағзым етті.

Бұл күн – өткенге құрмет, тарихқа тағзым. Әсіресе, солтүстікқазақстандықтар үшін 314-атқыштар дивизиясының орны ерекше. Соғыс жылдары бұл сапта 10 мыңнан астам жауынгер болса, соның 75 пайызы - біздің жерлестеріміз еді. Жиналған қауым майдан даласында мерт болған боздақтар мен жеңісті жақындатқан қаһармандарды тебіреніспен еске алды.

СНХР: ИМАНҒАЛИ ТӘТВАЕВ – ҚАЛАЛЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

Іс-шарада жастар жағы ерекше белсенділік танытты. Мектеп оқушылары мен еріктілер ескерткішке гүл шоқтарын қойып, майдангерлердің рухына тағзым етті. Өскелең ұрпақ үшін бұл күн ел тарихын терең сезініп, батырлар ерлігін жүрекпен ұғынатын тағылымды сәт болды.

СНХР: РУСЛАН ДОЛГОПОЛОВ, ОҚУШЫ

Жиын соңында қаза болған боздақтарды еске алу үшін бір минуттық үнсіздік жарияланды. Осылайша, бұл іс-шара ұрпақтар арасындағы рухани сабақтастықтың айқын көрінісіне айналды.