Аты аңызға айналған «SuperStar KZ» жобасы қайта оралады. Бір кездері миллиондаған көрерменнің сүйіспеншілігіне бөленген музыкалық шоу енді жаңартылған форматта көрерменге жол тартпақ. Жоба әлемге танымал британдық Pop Idol негізінде әзірленген. Қазақстанда алғаш рет 2003 жылы эфирге шыққан «SuperStar KZ» қысқа уақыт ішінде үлкен танымалдыққа ие болған еді. Бұл жолы «Qazaqstan» телеарнасы жобаны жаңа деңгейде ұсынуды жоспарлап отыр. Жаңартылған маусымның басты мақсаты – жаңа есімдерді танытып, жас таланттарға үлкен сахнаға жол ашу. Осыған байланысты еліміздің барлық өңірінен дарынды жастарды іздеуге арналған ауқымды кастинг басталды. Музыкалық шоуға өнерге құштар, жасы 16 мен 25 аралығындағы кез келген азамат қатыса алады. Іріктеу кезеңдері 2026 жылдың 4–26 сәуірі аралығында Қазақстанның 9 ірі қаласында офлайн форматта өтеді. Ал кастингке келе алмаған үміткерлер үшін онлайн формат та қарастырылған. Қатысушылар @superstarkz Telegram арнасы арқылы өтініш қалдыра алады. Айта кетейік, «SuperStar KZ» – талай жұлдыздың жолын ашқан жоба. Жаңарған маусым да жаңа таланттарды танытып, отандық шоу-бизнеске тың серпін береді деп күтілуде.