Жылдағы дәстүрге сай облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов халық алдында атқарылған істер жайында айтып, жоспарлармен бөлісті. 2025 жыл өңір экономикасы үшін де, әлеуметтік сала үшін де жақсы нәтижемен қорытындыланды. Қаржы жағын айтпағанда, азаматтарды тұрғын үймен қамту, жолдарды жөндеу, ауыз су тарту сынды мәселелердің біразы шешілді. Ал биылғы жоспар одан да ауқымды. 

Тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуінде алдымен қала әкімі Серік Мұхамедиев Петропавлда әлеуметтік-экономикалық бағытта атқарылған жұмыстарды баяндады. Жыл басынан бері өнеркәсіп саласында өсім байқалады. Қаңтар–желтоқсан айларында өндіріс көлемі 651,2 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 33,7 пайызға жеткен. Негізгі үлесті өңдеуші сала құрайды — оның көлемі шамамен 554 миллиард теңге. Ал 2026 жылы бұл көрсеткішті 685 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Әкім өз сөзінде автожолдарды жөндеу мәселесіне де айрықша тоқталды. Бүгінде қаладағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 366 шақырымды құрайды. Оның ішінде 144 шақырымы – топырақ жолдар болса, 222 шақырымы қатты жабыны бар жолдар. Қала әкімі атап өткендей, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру және жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында алдағы 5 жыл ішінде барлық топырақ жолдарды кезең-кезеңімен асфальттау жоспарланып отыр.

СНХР: СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының Жолдауы аясында Петропавл қаласында цифрлық шешімдер кезең-кезеңімен енгізілуде. Бұл бастамалар қаланы басқару тиімділігін арттырып, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Цифрлық тәсіл қар тазалау жұмыстарына да енгізілген. Арнайы полигондарда жасанды интеллект элементтері бар бейнебақылау жүйесі орнатылып, ол арнайы техниканың жұмысын және рейстер санын автоматты түрде тіркейді.