Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында кезекті премьера. Бұл жолы – балаларға арналған базарлық. Театр ұжымы ай сайын көрерменін жаңа қойылыммен қуантуды дәстүрге айналдырған.
«Жалқаулық жеңе ме, әлде Жігер жеңе ме?» – қойылымның басты сұрағы осы. Ертегі желісі Жігер есімді баланың айналасында өрбиді. Ол кітап оқудан, спортпен шұғылданудан, күнделікті тәртіптен алыстап, уақытын гаджетке арнайды. Жалқаулық оның ең жақын «досына» айналады.
ДУМАН АДЫКЕНОВ, РЕЖИССЕР
Сахна заманауи элементтермен толықтырылған. Түрлі-түсті декорация, әсерлі музыка мен костюмдер балаларды ертегі әлеміне жетелейді. Қойылымда қиял мен шынайы өмір шебер үйлесім тапқан.
Айта кетсек, өткен жылы театр ұжымы көрерменге 131 қойылым ұсынып, белсенді шығармашылық жұмыс атқарды. Алдағы наурыз айының репертуарын да ерекше мазмұнмен әзірлеген. Өнерсүйер қауымға және жалпы Петропавл тұрғындары мен қонақтарына арналған жаңа қойылымдар мен концерттік бағдарламалар көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйламақ.