Ең қарқынды жол учаскелерінде күн сайын рейдтер өтуде: полиция жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша күшейтілген профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Жуырда Тайынша ауданының Келлеровка ауылы маңында полиция бөлімшелерінің басшылары транзиттік жүк көліктерінің жүргізушілері демалыс режимін қаншалықты сақтайтынын тексерді.

Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысының жолдарында 56 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 10 адам мерт болып, 70 адам түрлі дәрежедегі жарақат алды. Қайғылы статистиканы тоқтату үшін полиция күн сайын кешенді шаралар қабылдауда.

Жүйелілік пен жеке үлгі — профилактиканың негізі. Қалааралық тасжолдарда тек патрульдік экипаждар ғана емес, облыстық және аудандық бөлімшелердің басшылары да жұмыс істейді. Кеше кешкісін «Астана — Петропавл» автожолының Келлеровка ауылы маңындағы учаскесінде ауқымды акция өтті. Бұл бағытта қозғалыс қарқыны жоғары. Мұнда DAF, Shacman және КАМАЗ маркалы ауыр жүк көліктері тәулік бойы транзитпен қатынайды. СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Алтынбек Жамалиев, аудандық полиция бөлімінің бастығы Дәурен Ибраев және патрульдік полиция батальонының командирі Рүстем Испердинов ондаған жүргізушімен жеке сөйлесті. Негізгі талаптар — жылдамдық режимін қатаң сақтау, рөлде смартфон қолданбау және міндетті түрде демалыс уақытын сақтау. Сондай-ақ полицейлер SMS-хабарламалардың маңызын еске салды: өңірдің солтүстігінде көктайғақ пен боран кез келген сәтте тосыннан туындауы мүмкін.

Алтынбек Жамалиев — СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы

Түсіндіру жұмыстарымен қатар, тас жолдардағы тәртіпті техникалық құралдар да күшейтуде: патрульдік көліктің жалған жарық белгісі, жануарлар мен жаяу жүргіншілердің макеттері орнатылған. Бұл шаралар жүргізушілерді орта есеппен 20 пайызға жылдамдықты төмендетуге мәжбүр етеді. Жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын алдын алу үшін құқық қорғау органдары ұшқышсыз ұшу аппараттарын да белсенді қолдануда. Соған қарамастан, жол апаттары, әсіресе демалыс күндері, әлі де тіркелуде. Полиция жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды ескертеді.