Бүгінде ұлттық киім үлгілері қайта жаңғырып, заманауи сәнмен үйлесім тауып келеді. Көптеген отандық дизайнерлер қазақы нақыштағы әйелдер киімдерін тігіп, оларды халықаралық көрсетілімдерде ұсынуда. Осы орайда 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында облыс орталығында «TARBIYA» қазақстандық ұлттық киім бренді мен «Ботай» арт галереясының ұйымдастыруымен шеберлік сағаты өтті.
Шеберлік сағаты барысында қатысушыларға ұлттық әйелдер киімінің ерекшеліктері, ою-өрнектердің мағынасы, маталардың түрлері мен тігу технологиясы таныстырылды. Сонымен қатар, дәстүрлі камзол, сәукеле, көйлек үлгілерінің бүгінгі сән индустриясындағы жаңаша интерпретациясы көрсетілді. Ұйымдастырушылар ұлттық нақышты сақтай отырып, оны қазіргі заман талабына сай үйлестірудің қыр-сырымен бөлісті.
ӘСЕЛ ӘБДІРИСОВА, «TARBIYA ULTTYQ KIIM» СӘН ҮЙІНІҢ АМБАСАДОРЫ
СҚ мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікованың айтуынша, қазақ қыз-келіншектерінің киім үлгілері қашанда нәзіктікпен, талғампаздықпен және көркемдікпен ерекшеленген. Бүгінде қолымызда бар барлық деректі және археологиялық мәліметтердің негізінде VI ғасырлардағы әйелдердің қалай киінгенін нақты айта аламыз.
СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТІК АРХИВІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
Айта кеткен жөн, TARBIYA ұлттық киім бренді жуырда Қатарда өткен халықаралық көрмеде өз топтамасын таныстырды. Ұлттық нақыш пен заманауи стиль үйлескен коллекция шетелдік көрерменнің зор қызығушылығын тудырып, ұсынылған барлық бұйымдар толықтай сатылды. 30 жылдық тарихы бар бренд бүгінде Қазақстанның 8 қаласында жұмыс істейді.