Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «2026 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық барысы туралы» баспасөз конференциясы өтті. Мамандар өңірдегі гидрометеорологиялық жағдайды баяндап, алдын алу шаралары туралы мәлімет берді.
Бүгінде облыс бойынша су басу қаупі бар 112 елді мекен есепке алынған. Онда 2 654 тұрғын үйде 6 928 адам тұрады. Қазіргі таңда су тасқынының алдын алу және жедел әрекет ету үшін 2 мыңнан астам адам мен 1 400-ден астам бірлік техника дайын. Құтқарушылар жоғары өтімді көліктер, батпақта жүретін техникалар, жүзу құралдары мен мотопомпалармен қамтамасыз етілген.
ӘСЕТ ШАЙКИН, СҚО ТЖД ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ
Облыста 27 гидрологиялық бекет жұмыс істейді. Оның 19-ы тұрақты, ал 8-і маусымдық режимде. Қазіргі уақытта өзендердегі қысқы межелік су деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 3–21 сантиметрге төмен. Алайда топырақтың тоңдану тереңдігі 150 сантиметрге дейін жетіп, былтырғы көрсеткіштен айтарлықтай жоғары. Қыс мезгілінде жауған жауын-шашын мөлшері өңірдің басым бөлігінде нормаға сай. Алдын ала болжам бойынша, көктемгі кезеңде Сергеев су қоймасына түсетін су көлемі 2 миллиард текше метрге дейін жетуі мүмкін.
ҚЫМБАТ МЕРҒАЛИМОВА «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК СҚО ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Өңірдегі негізгі гидротехникалық нысандардың дайындығына келсек, 2025 жылы Сергеев және Петропавл гидротораптарында жоспарланған барлық ағымдағы жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Бұл мақсатқа жалпы көлемі 35,6 миллион теңге қаражат жұмсалды.
ЕРЖАН ҚҰСЫМБАЕВ, «ҚАЗСУШАР» РМК СҚО ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Жалпы алғанда, өңір су тасқыны кезеңіне дайын. Мұз құбылыстарының әлсіреуі наурыз айының ортасынан бастап күтіледі.