«Ботай» арт-галереясында Қазақстанның дәстүрлі сәндік-қолданбалы өнер шеберлерін біріктірген «Аламан құрақ – 2025» мәдени жобасының қатысушыларын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Алматы қаласында еліміздің барлық өңірінен жиналған 660 шебер өз туындыларын біріктіріп, көлемі 1366 шаршы метрді құрайтын ауқымды құрақ көрпе жасады.

Әлемдік рекорд орнатуға Солтүстік Қазақстан облысының шеберлері де өз үлесін қосты. Өңірден 11 қолөнерші бірегей бұйымды жасауға атсалысты. Жетістік халықаралық Global Book of Records ұйымы тарапынан ресми түрде тіркеліп, дәстүрлі сәндік-қолданбалы өнер әлемдік мәдени рекордтар тарихына енді.

ҒАЛИЯ ЖАКИНА, ҚҰРАҚ ҚҰРАУ ШЕБЕРІ

Құрақ – Ұлы дала көшпелі мәдениетінен бастау алатын халықтық сәндік-қолданбалы өнердің ең көне түрі. Құрақ құрау ежелден отбасы бірлігінің, ұрпақ сабақтастығының және ата-баба мұрасына деген құрметтің символы саналған.

Бүгінде «Аламан құрақ» жобасы дәстүрлі құндылықтарды жаңғыртып қана қоймай, оларға заманауи сипат беріп отыр. Бұл бастама әр өңірдің шеберлерін ортақ рухани мұрат төңірегінде біріктіріп, ұлттық өнердің жаңа тынысын ашуда.