2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексі күшіне енді. Құжатқа сәйкес салық салу режимдеріне бірқатар өзгерістер енгізілді. Осыған байланысты Мемлекеттік кірістер департаменті 2026 жылдың 28 ақпаны қолданылатын салық салу режимі туралы хабарлама тапсырудың соңғы күні екенін еске салады. Кәсіпкерлер өз қызметіне сәйкес келетін тәртіпті уақытылы таңдап, заң талаптарын сақтауы тиіс.
Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексіне сәйкес арнайы салық режимдерінің үш түрі қарастырылған. Олар – өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режим, оңайлатылған декларация негізіндегі режим және шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнайы тәртіп. Әр режим кәсіпкерлік қызметтің ерекшелігіне қарай салық жүктемесін оңтайландыруға мүмкіндік береді.
ГҮЛНАР ТАГИРОВА, СҚО БОЙЫНША МКД БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ
Аталған өзгерістерге байланысты мамандар кәсіпкерлер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жаңа талаптар жан-жақты баяндалып, ақпараттық кітапшалар таратылды. Негізгі мақсат – салық төлеушілердің арнайы салық режиміне көшуіне немесе жалпыға бірдей белгіленген тәртіпте қалуына байланысты дұрыс шешім қабылдауына бағыт беру.
Өтінішті Салық төлеушінің кабинеті арқылы онлайн түрде, «e-Salyq Business» мобильді қосымшасы арқылы, банк сервистері арқылы немесе Мемлекеттік кірістер басқармасына жеке барып тапсыруға болады.