Дастарханымыздың төрінен орын алатын ас атасы нан, өзге тауарға қарағанда қашан да сұранысқа ие. Әрі күнделікті қолданатын ауқатымыздың ең бастысы болып табылады. Сондықтан нан пісіруді кәсіп түріне айналдырған жандар аз емес өңірімізде. Солардың бірі Қызылжар ауданындағы Большая Малышка елді-мекенінің тұрғыны, Валентина Мыза. Шағын ауылда 1998 жылдан бері тоқтаусыз жұмыс істеп келе жатқан жеке кәсіпкердің шағын наубайханасы 2024 жылы тұтас бір ауылды басқан алапат тасқында, су астында қалған болатын. Бірақ одан жеке кәсіпкердің сағы сынбады. Ол үш ай шамасында тасқын зардабын жойып, наубайхана жұмысын екінші мәрте іске қосты. Өз кәсібіне деген сүйіспеншілік пен өз тұтынушыларына деген адалдық осы болар бәлкім.

Валентина Викторовнаның мамандығы сатушы. Техникумды бітірісімен 18 жасында сол кездегі тұтынушылар копперациясына дүкенші болып жұмысқа орналасады. Алайда 1994 жылы бұл кооперация жабылып тынады. Ал қолынан саудадан басқаға келер икем жоқтықтан өз ісін бастап ауылда азық-түлік дүкенін ашады. Басты тауар, ол күнделікті халық тұтынатын нан. Оны қаладан тасыған. Бірақ ол тиімсіз болғандықтан Ас атасы нанды өзіміз пісірсек деген ой келеді. Жолдасы Саратов қаласынан нан пісіруге қажетті алғашқы пеш пен нан илейтін мына қондырғыны сатып әкеліп, 1998 жылы шағын наубайхана жұмысы басталады. Ал тұтынушылардың көңілінен шығу, сұраныстарын қанағаттандыру оңай шаруа емес.

ВАЛЕНТИНА МЫЗА – ЖЕКЕ КӘСІПКЕР

Наубайхана тәулігіне 3 мың бөлке нан пісіруге қауқарлы. 2004 пен 2024 жылдар аралығында ол толық қуатта жұмыс істеп Соколовка мен Березов ауылдық округінің халқы 100 пайыз өз өнімдерімен қамтамасыз еткен. Алайда 2024 жылғы су тасқыны салдарынан шаруасы тұралап, бүгінде өз жұмыстарын жаңадан бастауға тура келіп отыр. Бұл тұрғыда кәсіпкер Валентина Мызаны нағыз батыр деуге болады. Жұмысы екінші мәрте жаңадан басталған наубайханада бүгінде күніне 160 бөлке нан пісіріледі. Онысы Большая Малышка мен Ташкентка елді-мекенін нанмен қамтамасыз етуге жетіп отыр.

Нан пісіру адамның көңіл күйімен тығыз байланысты, қамырды бар мейіріміңді салып илесең нан да дәмді, сәнді болады дейді, бұл іспен кәсіби тұрғыда 30 жылға жуық айналысып келе жатқан Валентина Мыза.

Піскен нанның әр партиясы пештен шыққаннан кейін, арнайы салқындату сөрелеріне орналастырылады. Бұл кезеңде нанның ылғалдылығы мен текстурасы қалыптасады, өзіндік дәмі кіреді. Осы аралықта нанның сыртқы қабаты қаудырлақ болып қатып, нан өз формасын жақсы сақтайды.