Конституциялық комиссия Ата заңның жаңа жобасын таныстырды. Оны дайындау кезінде соңғы 6 айда келіп түскен азаматтардың, қоғамдық ұйымдар, саяси партиялар мен сарапшылардың ұсыныстары, сондай-ақ Комиссия мүшелерінің пікірлері, ескертулері мен ұсынымдары ескерілді. Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, жаңа құжат кіріспеден, 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады. Сонымен бірге, «Конституциялық құрылыстың негіздері» атты бірінші бөлімде мемлекеттің ұйымдастырылуын айқындайтын, егемендігі мен дербестігін нығайтатын іргелі ережелер қарастырылды. Оларға сәйкес, Қазақстан – унитарлы мемлекет. Басқару нысаны – президенттік республика, деп тұжырымдалды.
БАҚЫТ НҰРМҰХАНОВ - ҚР КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Кеше Комиссия отырысында егемендік халыққа тиесілі екенін конституциялық деңгейде бекіту туралы ұсыныс жасалған болатын. Бұл идея құжат мәтінінде көрініс тапты. 4-бапта «мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендік иесі – Қазақстан халқы», деп шегеленіп жазылды. Бұл мызғымас талап Конституцияның алғашқы нормаларында бекітілді.