Қызылжар креатив орталығында Солтүстік Қазақстан облысының мәдени-демалыс мекемелері қызметкерлеріне арналған облыстық семинар өтті. Іс-шара 2025 жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылап талдауға, сондай-ақ 2026 жылға арналған «Ауыл мәдениетінің үздік мекемесі» облыстық байқауына дайындық мәселелеріне арналды. Сонымен қатар, мәдениет мекемелерінің қызметіне қатысты өзекті мәселелер талқыланды.

Семинарға аудандық және ауылдық мәдениет үйлерінің директорлары, көркемдік жетекшілер мен әдіскерлер қатысты. Жиынның негізгі мақсаты – есепті кезеңдегі жұмыс нәтижелерін қорытындылау, мәдени-демалыс мекемелерінің қызметін талдау, мықты тұстар мен даму бағыттарын анықтау, сондай-ақ алдағы кезеңге арналған нақты іс-қадамдарды айқындау болды.

САНДУҒАШ ЖОЛАМАНОВА, ХАЛЫҚ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

Семинар барысында аудандық мәдениет үйлерінің есептері бойынша жалпы шолу жасалып, негізгі көрсеткіштер мен даму үрдістері талданды. Ерекше назар кадрлық қамтамасыз ету, материалдық-техникалық база және халықты мәдени өмірге тарту мәселелеріне аударылды. Сонымен қатар мәдени-демалыс қызметіндегі заманауи тәсілдер, іс-шаралардың жаңа форматтары, цифрлық құралдарды пайдалану, әріптестік байланысты дамыту және табысты тәжірибелерді таныстыру мәселелері қарастырылды.

ГҮЛЖАЗ ҚҰЛМАНОВА, Ғ.МҮСІРЕПОВ АУДАНДЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНІҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ

Семинар аясында «Халықтық» және «Үлгілі» атақтарын беру жөніндегі сертификаттарды салтанатты түрде тапсыру рәсімі өтті. Өткен облыстық семинар мәдени-демалыс саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға, тәжірибе алмасуға және өңір мәдениетінің дамуына ортақ көзқарас қалыптастыруға бағытталған маңызды кәсіби алаңға айналды.