Солтүстік Қазақстан облысында экологиялық бақылау нәтижесінде нақты оң өзгерістер тіркеліп отыр. Былтыр өңірде 62 рұқсатсыз қоқыс орны анықталып, олардың барлығы жойылды. Бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда бес есеге төмен, ал өткен жылмен салыстырғанда 54 орынға аз. Ғарыштық мониторинг пен мобильді тексеру топтарының жұмысы экологиялық заңбұзушылықтарды дер кезінде анықтауға мүмкіндік беруде.
Облыста қалдықтарды бақылау жұмыстары заманауи технологиялар арқылы жүргізілуде. Арнайы салалық Геопорталдың көмегімен өңір аумағы ғарыштық түсірілім арқылы тұрақты түрде қадағаланады. Сонымен қатар облыс орталықтарының айналасында 50 шақырым радиуста рұқсатсыз қоқыс үйінділері тексеріледі. Бұл тәсіл экологиялық заңбұзушылықтарды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.
ТАЛҒАТ СӘБИЕВ, СҚО БОЙЫНША ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ
Қазіргі таңда облыс аумағында 444 тұрмыстық қатты қалдықтарды орналастыру нысаны бар. Алайда олардың тек 7-еуінде ғана барлық рұқсаттық құжаттар толық рәсімделген. Бұл мәселе өңірдегі экологиялық қауіпсіздікке тікелей әсер етеді. Сондықтан қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру – басты міндеттердің бірі. Осы бағытта Жол картасы аясында нақты шаралар жүзеге асырылуда.
ТАЛҒАТ СӘБИЕВ, СҚО БОЙЫНША ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ
2025 жылы Солтүстік Қазақстан облысында 278 экологиялық тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 214 заң бұзушылық анықталып, 66 әкімшілік айыппұл салынды. Айыппұлдардың жалпы сомасы 68 миллион теңгеден асты, оның жартысынан көбі өндірілді.