СИНГУЛЯР НҮКТЕ

Биыл Қазақстан Парламентіне 30 жыл толады: 1996 жылғы қаңтарда жаңа сипаттағы биліктің заң шығарушы тармағының бірінші шақырылымдағы алғашқы сессиясы өтті. Осы жылдар ішінде ұзақ жол артта қалып, өкілді демократияның заманауи институты қалыптасты. Бұл меже жай мерейтой ғана емес. Бұл – әлеуметтік дамудың жаңа кезеңіне сәйкес келген тарихтың маңызды кезеңі.

Кез келген халықтың немесе елдің дамуындағы шешуші кезеңде бетбұрыс факторы болады. Дәл сол фактор ұлттың болашақ тағдырына ықпал ететін елеулі өзгерістерге жол ашады.

Қазақстан үшін мұндай кезең ретінде Керей мен Жәнібек сұлтандардың егемендік жолында қазақ руларының басын біріктіру туралы шешімін айтуға болады. Ал қазір ондай сәт ретінде отыз жылдан астам уақыт бойы еліміздің даму бағытын айқындап келген президенттік басқару формасын таңдауды атап өтуге толық негіз бар.

Бетбұрыс факторы деп белгілі бір тарихи мәні бар уақыт кезеңін айтып отырған жоқпыз. Ол – сингуляр нүкте, яғни кейін ұлттың қалыпты өмір салтын өзгертетін негізгі трансформация сәті.

Бұл қоғамда эмоция серпілісін тудыратын тосыннан болған оқиға немесе биліктің түптің түбінде жаңа өмір шындығын қалыптастыра отырып, басқа салаларда айтарлықтай шешуші өзгерістерге алып келетін әрекеттер тізбегін іске қосатын саналы шешімі болуы мүмкін. Әрине, жүйелі және бәрін қамтитын сипатқа ие бұл өзгерістер әрдайым мемлекеттің жалпы даму логикасынан туындайды.

Президент реформаларының траекториясын ескерсек, тарихымыздың қазіргі сәтінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың пропорционалды жүйе негізінде қалыптасатын бір палаталы Парламентті – Әділетті Қазақстан құру жолындағы шешуші кезең ретінде мемлекеттік билік жүйесіне енгізу туралы бастамасы келесі бетбұрыс факторы болады деп топшылауға толық негіз бар.

Мемлекет басшысының жуырда Turkistan газетіне берген сұхбатында бұл бастаманы тағдыршешті қадам деп атауы кездейсоқтық емес.

Жалпы, бұл парламенттік реформа – 2019 жылы басталып, билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу, партияларды тіркеуді жеңілдету, парламенттік оппозицияны енгізу арқылы саяси бәсекелестікті институттандыра отырып, Парламенттің рөлін күшейтуге бағытталған саяси трансформацияның заңды жалғасы.

Сондықтан Мемлекет басшысы жоғары өкілді биліктің бұл реформасы алдыңғы өзгерістердің, соның ішінде президенттік билік реформаларының қисынды жалғасы болатынын атап өтті.

Осы тұрғыдан келгенде, бір палаталы Парламентке көшу туралы ұсыныс – мемлекеттік басқаруды оңтайландырудың кезекті шарасы ғана емес, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасының негізіндегі ауқымды жаңғырту стратегиясының маңызды бөлігі.

Модернизациялық өзгерістер логикасында Парламентке қатысты айтылған «ықпалды» анықтауышы мемлекеттік билік жүйесіндегі жаңа теңгерімнің пайда болатынын білдіреді. Ол бәсекелес партиялардың нақты саяси күші болатын тиімді тежеме мен тепе-теңдік жүйесін қамтамасыз етпек. Бұл аталған терминді нақты мазмұнмен толықтыра түседі.

Осы орайда бір палаталы Парламент қалыптастыру Сенатты жай ғана қысқартып, Мәжілісті қазіргі форматында сақтап қалу дегенді білдірмейді. Бұл ретте палаталарды біріктіру мен өкілді биліктің мүлдем бөлек үлгісін, яғни формалды және формалды емес күштердің шамадан тыс әсер етуіне жол бермейтін саяси тепе-теңдіктің жаңа жүйесін қалыптастыру туралы сөз болып отыр.

Өңірлерде партиялық және электоралдық қолдауға ие болған, заң шығару бастамасының ресурстары жинақталған және дербес мәслихаттарға арқа сүйейтін біріккен жаңа Парламент атқарушы биліктің ықпалды тепе-теңдігіне ғана емес, партиялық құрылысты жандандырудың және қоғамның құбылмалы сұраныстарына бейімделе білетін саяси жүйе тұрақтылығының негізгі факторына айналады.

Жоғары өкілді биліктің жаңа форматының конституциялық жолмен бекітілуі саяси жүйені трансформациялаудың негізгі кезеңін бөліп көрсететін өзіндік символикалық мәнге ие шекара болмақ.

Бұл «техникалық» реформаларды, жалпы, транзиттік кезеңді аяқтаудың және Әділетті Қазақстанның барынша ашық, бәсекелі, теңгерімді билік құрылымына қарай жасалған шешуші бетбұрыстың маңызды саяси белгісі болары анық.

АЛҒА ҚАДАМ ЖАСАУ ӨТКЕНГЕ ОРАЛУ МА?

Бір палаталы Парламент құру 90-жылдардың басындағы Жоғарғы Кеңестің дәстүрлеріне қайта оралу деген сөз бе?

Бұл сұраққа жауап беру және «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» үштігі аясында Президент бастамасының қисынын түсіну үшін Қазақстандағы өкілді билік эволюциясына кеңінен зер салу қажет.

Біз бұл жерде тарихқа тереңнен үңілмейміз. Өйткені Парламенттің Қазақ хандығы кезіндегі құрылтаймен тікелей сабақтастығын іздеу англо-саксондық витенагемотты Ұлыбритания Парламентінің прототипі ретінде қарастыру сияқты мардымды нәтиже бере қоймас.

Жалпы, Ұлыбританияда ғана емес, бүкіл әлемде қазіргі түсініктегі парламентаризмнің алғашқы моделі I Эдуард Плантагенеттің тұрақты түрде шақырылатын Парламенті болды. Ол тарихқа Парламент үлгісі ретінде еніп, XIV ғасырда III Эдуард кезінде канондық түрде бекітілген екі палаталы модельдің бастауына айналды.

Қазіргі Қазақстанға келетін болсақ, мұнда өкілді билік КСРО құрамында болған кезден бастау алады. Онда тарихи тұрғыдан әлемдік қалыптан айтарлықтай өзгеше өзіндік тәжірибе мен дәстүрлер қалыптасты.

Билікті бөлу, парламентаризм және бәсекеге қабілетті демократия идеялары Ресей империясы халқының көпшілігіне Қазан төңкерісіне дейін де мүлдем жат болды. Ал одан кейін бұл ұғымдар тіпті дұшпандық дискурстың нышаны ретінде қабылданды.

Сондықтан халыққа түсініктісі және жақыны халықтық биліктің алғашқы нысаны саналған Кеңестер болды. Олар жаппай ереуілдер кезінде жұмысшылардың өз бетінше ұйымдасуының, содан кейін 1905 жылғы қарулы көтерілістің стихиялық формасы болғаны белгілі.

Кеңестер сол кездегі билікке қарсы халық наразылығының агрегаторы ретінде өз күшін көрсетті және 1917 жылы бүлікші бұқараны біріктіруде басты рөл атқарды. Қазан төңкерісінен кейін олар «пролетариат диктатурасы мен кедей шаруалардың» бұқаралық органдарына айналды.

Алайда шаруалар әлемінің қауымдасып, өз бетінше топтасуының бұл ежелгі моделі таптық жауға қарсы күресте шоғырландыру құралы ретінде өзін жақсы көрсеткенімен, мемлекетті жасампаздықпен басқаруға көшкен кезде бәсекелестікке төтеп бере алмады.

Сондықтан Кеңестер билікті басып алуға ықпал еткенімен, қолында нақты ұстап тұра алмады және жақсы ұйымдастырылған партиялық бюрократия оны формалды қызмет етуге қарай ығыстырып тастады. Шындығында, Кеңестер билігі нышандық симулякрға, өздері атағандай, елдің саяси витринасына айналды.

Кеңестер орталықтан басқаруға институционалдық тұрғыдан қабілетсіз болғандықтан осындай жағдай болды. Жергілікті Кеңестер электораты аумақтық округтерге бөлінді, ал елдегі ең жоғары билік органы деп жарияланған, «жалпыға бірдей, тең және тікелей дауыс беру арқылы сайланған» КСРО Жоғарғы Кеңесінің іс жүзінде нақты электораты да болмады және коммунистік партияның билік ресурсына сүйенуге мәжбүр болды. Ұлттық республикаларда да осы жүйе көшіріліп, қолдан жасалды. Осылайша, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі ерекше есте қалған 1937 жылғы Конституция негізінде қалыптасты.

Жүйе жетпіс жылға жуық уақыттан кейін, КСРО-ның дәурені өтіп, ыдырау алдында тұрған сәтте ғана өзгере бастады. Ғасырдың басындағыдай, 80-жылдардың екінші жартысында Одақта екі компоненттің жарылғыш қоспасының концентрациясы жинақталды: төмендегілердің бұрынғыдай өмір сүргісі келмеуі және жоғарыдағылардың өзгеріске әрі баршаға ортақ өмір сүру ережелерін ұсынуға қабілетсіз болуы. Орталық биліктің тұрақсыздығынан қалыптасқан қолайлы ортада тағы да бас көтерген Кеңестердің ұлттық республикаларда қайта жандануы осы сын-қатерге берілген жауап болды.


1990 жылы наурызда ҚазКСР Жоғарғы Кеңесіне алғашқы балама сайлау өтті. Бұл қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуындағы романтикалық кезең десек, артық бола қоймас. XII шақырылымдағы Жоғарғы Кеңес Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны, Мемлекеттік тәуелсіздік туралы Конституциялық заң, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясы сияқты маңызды құжаттарды қабылдап, соңында тұңғыш Президенттікке кандидатураны ұсынды.

Алайда халықтың өмірін жақсартуға деген жалпы ұмтылысқа қарамастан, бұрынғы Кеңестерге тән барлық ерекшелікті сақтаған Жоғарғы Кеңес ескі ережелер жұмыс істеуден қалып, жаңалары әлі де пайда болу сатысында тұрған белгісіздік жағдайында мемлекеттің қалыптасуымен тікелей байланысты қатаң, бірақ аса маңызды реформаларды еріксіз тежеді.

90-жылдардың басындағы жағдайды еске алайық.

Қоғамның көңіл күйі өзгерістерден рухтанған ерік-жігер мен болашағы бұлыңғыр бейберекетсіздік салдарынан туындаған үрей араласқан жағдайда еді. Қол жеткен бостандық пен ұлттық жаңғырудан туған эйфория өмір сүру деңгейінің төмендеуімен, ертеңгі күнге деген сенімсіздікпен және әлеуметтік қайшылықтардың шиеленісуімен басылып отырды. Кешегі социализм кезінде салыстырмалы түрде қанағаттанарлық өмір сүрген, енді еркін нарыққа тап болған жандарға жаңа өмір шындығының бұл тұсын қабылдау қиынға соқты.

Елде, ең алдымен, өз мүмкіндігін әлдеқашан тауысқан социалистік басқару жүйесінің құрдымға кетуімен байланысты ауыр экономикалық дағдарыс орын алды. Ол нарықтық механизмдерге негізделген мүлдем жаңа жүйені нөлден бастап құруды талап етті. Сол кезде жарияланған, бірақ іс жүзінде бір басына жоғарғы билік форматы, екінші басына экономикалық даму формуласы қойылған тарихтың тұрақсыз таразысында тербеліп тұрған, жаңа ғана қол жеткен Тәуелсіздіктің болашағы соған байланысты болды.

Бұл бифуркация нүктесі болды. Оны еңсеру Қазақстанның жүретін бағытын таңдауымен ғана емес, оның дербес субъект ретінде өмір сүруімен де байланысты еді. Өкілді және атқарушы билік арасындағы дағдарысқа әкелген Жоғарғы Кеңес пен тұңғыш Президент арасындағы қарама-қайшылықты түсінудің кілті дәл осы нүктеде болды.

Жоғарғы Кеңес кең өкілеттікке ие болған 1993 жылғы Конституция Президентке Мемлекет басшысының көпшілікке беймәлім, бірақ өмірлік маңызы бар реформаларды ілгерілету функцияларын толық жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді. Сонымен бірге Жоғарғы Кеңес ұзақмерзімді мемлекеттік мүдделерге жауап беретін нәтижелі жалпыұлттық даму күн тәртібін тұжырымдай алмады. Өйткені олар көпшілік үшін түсініксіз және қорқынышты көрінген нарықтық қатынастарды қабылдамаған өз сайлаушыларына қарсы келе алмады.

Қос билік салдарынан туындаған қиын жағдайда, реформалар кейінге қалған әр ай жоғалған онжылдыққа барабар саналған кезде, Қазақстан бұғанасы бекімеген мемлекеттің басқарылуы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге және оны дағдарыстан шығаруға қабілетті жүйеге аса мұқтаж болды.

Нәтижесінде, Жоғарғы Кеңестің екі шақырылымдағы депутаттары мерзімінен бұрын отставкаға кеткені белгілі: XII шақырылым өзін-өзі тарату арқылы, XIII және соңғы шақырылым Конституциялық соттың шешімімен заңсыз деп танылды. Өзі үшін «сәтсіз» болған осы бір реттік санмен Жоғарғы Кеңес ескірген форма ретінде өмір сүруін тоқтатты.


https://turkystan.kz/article/274521-reformalardyn-mani-5-yqpaldy-parlament