1 наурыз -Алғыс айту күніне орай Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаментінде ведомствоның еңбек сіңірген ардагерлері мен жұмысшы мамандық иелеріне құрмет көрсетілді. 

Облыстық полиция департаментінің бастығы Абай Жүсіпов мінсіз қызметі және жас полицейлерді тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін ведомствоның еңбек сіңірген ардагерлеріне алғыс хаттар табыстап, өз алғысын білдірді. Бұл азаматтардың барлығы әкімшілік полицияның, жедел және тергеу қызметінің, учаскелік инспекторлар қызметінің және өзге де бөлімшелердің даңқын қалыптастырған тұлғалар. Ішкі істер органдарының құрметті ардагері Қайдар Қашеновке ерекше құрмет көрсетілді. Ол 75 жас мерейтойын атап өтті. Аңызға айналған тергеу қызметкері өміріндегі басты оқиғаларымен бөлісті.

Сонымен қатар, бұл күні тәртіп сақшылары еңбек адамдарына да құрмет көрсетті. Техникалық қызметкерлер, электрик, атбегі — полицияның күнделікті қызметін қамтамасыз етіп жүрген жандар. Олардың барлығы түрлі ұлт өкілдері болғанымен, ортақ іс пен халықтың ортақ тарихы біріктіреді.

Мерекелік іс-шара ардагерлерге деген құрметтің, еңбекті мойындаудың және көпұлтты мемлекеттің бірлік саясатына деген сыйластықтың символына айналды.