Облыста өрттің алдын алу шаралары күшейтілді. Жылыту маусымы басталғалы бері өңірде 114 өрт оқиғасы тіркеліп, салдарынан 18 адам мерт болды. Төтенше жағдайлар қызметі мамандары үй үйді аралап пештерді мұржаларды тексеріп тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Өңірде сақылдаған сары аяз күшейе түсті. Температура төмендеген сайын жер үйде тұратын тұрғындар пешті ұзақ жағып, электр құрылғыларын жиі қолдана бастайды. Бұл өрт қаупінің артуына әкеледі. Осыған орай аймақта алдын алу шаралары күшейтілді.
Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары Жұмысшы кентіндегі үй-үйді аралап жүр. Олар пештер мен мұржалардың жай-күйін, электр желілерінің қауіпсіздігін мұқият тексеруде. Кемшіліктер анықталды. Ресми өкілдер тұрғындарға түтін жолының бітелуі, қабырғадағы жарықтар бойынша ақыл-кеңес берді.
СНХ: АЯН ҚҰСАЙЫНОВ, СҚО ТЖД басқарма бастығының орынбасары:
Өкінішке қарай, жылыту маусымы басталғалы бері өңірде 114 өрт оқиғасы тіркелген. Тілсіз жаудың салдарынан 18 адам қаза тауып, 4 адам жарақат алған. Ал жыл басынан бері орын алған 12 өрттің 8-і жеке тұрғын үй секторында болған. Мамандардың айтуынша, қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтау қайғылы жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.