Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты. Қасым-Жомарт Тоқаев "Түркістан" газетіне көлемді сұхбат беріп, елдің қазіргі саяси және экономикалық дамуына терең талдау жасады. Президент басты назарды құр цифрларға емес, олардың қоғам өміріне нақты әсеріне аударды. Әр саладағы кемшіліктерді ашық айта отырып, оларды шешудің жолдарын да көрсетті. Сарапшылар Мемлекет басшысының бұл ұстанымын жаңа кезеңнің айқын бағыты деп бағалап отыр.Президент алдымен экономикалық көрсеткіштерге тоқталды. Барлық салада айтарлықтай өсім бар. Дегенмен Мемлекет басшысы мұнымен шектелуге болмайтынын ескертті. Себебі халықтың тұрмысында сезілмеген өсім мақтанарлық меже емес.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
- Экономикамыз 6 пайыздан астам өсті. Ішкі жалпы өнім 300 миллиард доллар межесіне жетіп, жан басына шаққанда 15 мың доллардан асты. Бұл – елімізбен қатар, бүкіл өңір үшін рекордтық көрсеткіш. Жалпы, ойдағыдай жұмыс істелді деуге болады. Бірақ, мен барлық мемлекеттік қызметшілерге тоқмейілсіп, масайрап отыруға мүлде болмайтынын үнемі айтамын.
Соңғы жылдары экономикамен қатар инфляцияның өскені рас. Ол шынайы табысты тежеді. Осы тұста Президент жаңа Салық кодексіне ерекше мән берді. Реформаның түпкі мақсаты – бюджет кірісін көбейту емес, экономиканы ұзақ мерзімге тұрақтандыру.
ӘЛІШЕР БАЙМАҒАНОВ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ИНСТИТУТЫ ФИСКАЛДЫҚ САЯСАТ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІ САРАПШЫСЫ:
- Жаңа салық кодексінде әлемдік тәжірибе толығымен зерттеліп, сараланып барып пайдаланылған. Кәсіпкерлерге жаңа тәртіпке бейімделу керек. Ұзақ мерзімді қарайтын болсақ мұның барлығы салық режимін жеңілдетіп, инфляцияны төмендетуге бағытталған. Президент сұхбатында халықтың табысын инфляция жеп қойып жатқанын айтты. Және қазіргі осындай реформалар бәрін орнына келтіретінін нақты түсіндірді.
ПРЕЗИДЕНТ ҚАТАҢ БЮДЖЕТТІК ТӘРТІП ОРНАЙТЫНЫН АЙТТЫ
Президент бюджет саясатына да нақты талап қойды. Қаржы бей-берекет жұмсалмауы керек. Ақша тек елге шын мәнінде қажет жобаларға бағытталуы тиіс.
ЦИТАТА: ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Экономикаға ақшаны орынсыз құя беруге болмайды, бұл инфляцияны күшейтіп жібереді. Қатаң бюджеттік тәртіп керек. Қаржы ресурстары мемлекетке қажетті жобаларға ғана жұмсалуға тиіс. Былтыр қараша айында Үкімет, Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бірлесіп, үш жылдық бағдарлама қабылдады. Құжат азаматтардың әл-ауқатын жақсарту үшін инфляцияны төмендетуге арналған.
Экономикалық саясат тек цифрлармен шектелмейді. Мемлекет басшысы адамгершілік, қоғамдағы сенім мәселесіне де назар аударды. Мемлекет, халық және бизнес арасындағы байланыс пен баланс сақталса, тұрақты дамудың жолы ашылады.
ЖАНАР НАҚЫПБАЕВА ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ҚСЗИ ҚОҒАМДЫҚ ПІКІРДІ ЗЕРТТЕУ БӨЛІМІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ:
- Бұл жерде белгілі бір қоғамдағы балансты сақтап отырудың әдісі деп те түсінуге болатын шығар. Өйткені қайырымдылық жасау арқылы кәсіпкерлер халықтың мұң-мұқтажын түсіне бастайды. Дәл сол секілді халық та осы ірі кәсіпкерлермен таныса бастайды. Бізде қандай кәсіптердің бар екенін біле бастайды. Және оларға қолдау көрсетеді. Сенім артады. Сенім артқан сайын ол тауарды тұтыну да арта бастайды.
Жаңа кезеңде тек мемлекет емес, қоғам да өзгеруі керек. Халық белсенді, талапшыл әрі жауапты болғанда ғана қолға алынған реформалар нақты нәтиже береді. Сонымен қатар, Президент билік транзитіне қатысты да өз пікірін білдірді. Кейбір сарапшылар бұл реформа бір ғана мақсатпен – Парламент төрағасы лауазымын мемлекеттік басқару жүйесіндегі ең басты лауазымға айналдыру үшін ғана өткізіледі деп санайды - деп сауал қойды журналист. Қасым-Жомарт Тоқаев – «Бұл – бос әңгіме» деп нақтысын айтты. Президенттің айтуынша, мұндай пікір оның саяси қағидаттарына қайшы келеді.
ЦИТАТА: ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
- Қазірдің өзінде нақты айта аламын: биыл ел тағдырына тікелей әсер ететін, Қазақстанның ұзақ жылдарға арналған бағыт-бағдары айқындалатын жыл болады. Мен конституциялық реформаға қатысты референдум өтетінін алдын ала айттым. Қазір сарапшылар тобымен бірге Ата заңымыздың редакциясына қатысты ұсыныстарды қарап жатырмын. Жоспарланған өзгерістер өте көп, бәрі тұтаса келгенде жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар қадам жасаймыз деуге болады.
ТАҚЫРЫП: ПРЕЗИДЕНТ ЕЛДІҢ КӨКЕЙІНДЕ ЖҮРГЕН ТҮЙТКІЛДЕРДІҢ ТҮЙІНІН ТАРҚАТТЫ
ЖАНЕРКЕ ҚАЙРАТҚЫЗЫ САЯСАТТАНУШЫ:
- Президент расымен халықтың көкейінде жүрген көптеген мәселелердің барлығына өзінің бір нақты жауабын беруге тырысқан. Соның ішінде саяси реформалар бар. Экономиканың ары қарай қарқынды дамуына қажетті қандай алғышарттар тұр, цифрландыру мәселесі, жасанды интелект мәселесі білім беру, әлеуметтік мәселелер деген сияқты түрлі мәселелерді қамтыған ауқымды диолог орнатуға тырысқан сұхбат болған сияқты.
Саяси реформалар, цифрландыру, жасанды интеллект, білім мен әлеуметтік саясат. Президенттің сұхбаты осы бағыттардың барлығын бір арнаға тоғыстырды. Сарапшылардың пікірінше, бұл сұхбат өткенге есеп берумен қатар, ел дамуының алдағы бағытын айқындайтын мазмұнды саяси мәлімдеме іспетті.